Еуразиялық энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстан Астанадағы форумда өзара іс-қимыл перспективаларын айқындады
28.05.2026 10:05:59 264
Астана, 2026 жылғы 28 мамыр — Өзара тиімді экономикалық әріптестік, технологиялық кооперация және өңірлік отынмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету ЕАЭО елдері үшін негізгі бағдарларға айналуда. Ортақ энергетикалық нарықтардың жұмыс істеу перспективалары туралы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық форум аясында айтты.
Ведомство басшысы «Еуразиялық энергетикалық интеграция. Қозғалыс векторы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі.
Министрдің пікірінше, серіктестік қатынастарды дамыту және сауданың бірыңғай алгоритмдерін қалыптастыру сенімділікке, реттеудің болжамдылығына және өзара тиімділікке негізделуі тиіс.
Мұнай, мұнай өнімдері, газ және электр энергиясы бойынша ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен қалыптастыру мәселесіне тоқталған Министр конструктивті макроэкономикалық ұстанымды атап өтті. Бұл ашық энергетикалық кеңістікті дамыту болашақтағы макроөңірлік интеграцияға жасалған сенімді қадам ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттер бұл жұмысты бір-бірінің ұлттық мүдделерін, қолданыстағы екіжақты келісімдерді міндетті түрде ескере отырып және өз азаматтары мен өнеркәсібін сенімді қамтамасыз ету басымдығын сақтай отырып үйлестіруі қажет.
«Біз шынайы тұрақты, реалистік әрі өзара тиімді тетіктер қалыптастырылған жағдайда еуразиялық энергетикалық интеграцияның кең мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл осындай прагматикалық әрі жан-жақты есептелген бірлескен жұмыс Одағымыздың ұзақ мерзімді іргетасын қалыптастырып, ортақ нарықтық үдерістерді жасанды немесе формалды жеделдетуге байланысты тәуекелдерден қорғайды», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Ортақ тұрақты энергетикалық архитектураны қалыптастырудың маңызды негізі — Одақ елдері арасында бүгінде қалыптасқан берік практикалық байланыстар. Қазіргі таңда Қазақстан Ресей Федерациясымен мұнай-газ кешені мен электр энергетикасы саласында нәтижелі ынтымақтастық орнатқан, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен су-энергетикалық теңгерімді табысты үйлестіруде. Сонымен қатар Беларусь пен Армениядағы серіктестермен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша сараптамалық тәжірибе алмасу жолға қойылуда.
ЕАЭО-ның болашақ нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі жоғары технологияларды дамыту болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы Қазақстанның энергетика саласы үшін нақты тәжірибеге айналды. Бүгінде жасанды интеллект технологиялары отандық энергетиканың барлық негізгі бағыттарына белсенді енгізілуде. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Министрлік серіктестерді заманауи IT-шешімдерді ЕАЭО-ның ортақ нарығына кеңінен енгізуге шақырады. Диспетчерлік болжау деңгейінде жасанды интеллект элементтерін қолдану Одақ мемлекеттеріне ең жоғары жүктеме кезеңдерінде өз энергетикалық жүйелерін қауіпсіз әрі тиімді басқаруға, ұлттық мүдделер теңгерімін толық сақтауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1229235?lang=ru