Әскери кафедраның 300-ден аса түлегі оқу-жаттығу жиынына тартылды

Әскери кафедраның 300-ден аса түлегі оқу-жаттығу жиынына тартылды

28.05.2026 11:36:48 269

Қазақстан Қарулы күштерінде азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын тәмамдап, екі жылдық қызметке шақырылған запастағы офицерлермен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жалпы жиынға 309 офицер жұмылған.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында 109 запастағы офицер тактикалық даярлықтың базалық курсынан өтті. Осыған орай Тараз гарнизонының Офицерлер үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған Қарулы күштердің ардагері, интернационалист-жауынгер, отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір айлық қарқынды дайындық барысында тыңдаушылар кәсіби тұрғыда едәуір шыңдалған. Әскери қызметшілер «Айбын» тактикасының бастапқы курсын меңгеріп, тактикалық, атыс, инженерлік және техникалық дайындық, байланысты ұйымдастыру, әскери техниканы жүргізу, барлау ісі секілді пәндер бойынша білім алды.

Запастан әскери қызметке шақырылған кейбір офицерлер үшін қызметтің басталуы тосын жағдай болған жоқ.

– Маған офицер ретінде екі жылдық әскери қызметке шақырылу – үлкен жауапкершілік, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 63563 әскери бөлімінде қызмет ететін лейтенант Санжар Тұрдәлиев. – «Тактик» жиыны әскери пәндерді терең меңгеруге және тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар майдангер атам, Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтың жолын жалғастырып, әскери әулеттің дәстүрін сабақтастыру мен үшін зор мәртебе.

Қарағанды техникалық университетінің түлегі лейтенант Ерболат Өмірбек те өз пікірін айтты.

– Азаматтық мамандығым логистика және көлік саласына байланысты. 28349 әскери бөлімінде автомобиль және сауытты техника қызметінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Екі жыл ішінде кәсіби әрі өмірлік тәжірибе жинап, өз мамандығым бойынша білімімді тереңдетемін деп отырмын, – деді ол.

Алматы қаласындағы 29219 әскери бөлімінде азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармай қызметтері, тамақтандыру пункттері, монша-кір жуу және коммуналдық-пайдалану бағыттары бойынша 22 маман даярлықтан өтті. Жас лейтенанттар күнделікті қызметті ұйымдастыру, құжат жүргізу тәртібі және тылдық қамтамасыз ету бөлімшелерінің жеке құрамымен сабақ өткізу әдістемесін меңгерді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жағалау» полигонында 26 офицер негізгі әскери пәндер бойынша кешенді дайындықтан өтті. Бағдарламаға тактикалық, атыс және дене даярлығы, әскери топография мен бөлімшелерді басқару сабақтары кірді.

Қазіргі уақытта запастағы офицерлер базалық дайындық кезеңін аяқтап, мамандандыру курстарын оқып жатыр. Оқу толық аяқталғаннан кейін олар тағайындалған лауазымдарына қарай әскери бөлімдерде қызметтік міндеттерін атқаруға кіріседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1229376?lang=ru