Ауылдық аумақтарды ОДМ тұрғысынан дамыту: өңірлердің жаңа бастамалары талқыланды

Ауылдық аумақтарды ОДМ тұрғысынан дамыту: өңірлердің жаңа бастамалары талқыланды

28.05.2026 11:36:51 230

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарованың Қызылорда облысы Арал ауданы әкімінің орынбасарымен, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі мен «SDG Hub «Қамбаш» өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде енгізу аясында Арал ауданында табысты жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасын таныстыру болды.

Нұргүл Жанназарова ОДМ-ды Қазақстанда іске асыру жөніндегі үйлестіруші орган ретінде Ұлттық экономика министрлігінің негізгі басымдықтарын жеткізді. Сондай-ақ, ол өткен жылы жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында Қарқаралы қаласында іске қосылған осыған ұқсас пилоттық жобаның оң тәжірибесін ерекше атап өтті.

Қызылорда облысының өкілдері ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы «SDG Hub «Қамбаш» қызметі, Еуропалық Одақтың өңірлік институттарымен және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) өзара іс-қимыл және ОДМ-ды ауылдық деңгейде іске асыру тәжірибесін таратуға дайын екендіктері туралы жан-жақты баяндады.

Сонымен қатар, делегаттар әлеуметтік маңызы бар басқа да өңірлік бастамаларды таныстырды. Олардың қатарында Қамбаш көлінің экожүйесін қорғауға бағытталған «Таза Қамбаш» экологиялық жобасы, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және Қамыстыбас ауылын көгалдандыру кезінде «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жобасы бар.

Аталған бастамалар Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Кездесу соңында Нұргүл Жанназарова қонақтарға тәжірибе алмасудағы пайдалы ұсыныстары үшін алғыс білдіріп, Министрлік өңірлердің ОДМ-ды дамытуға бағытталған бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1229349?lang=ru