Атырауда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң мен кадрлық үдерістерді цифрландыру мәселелері талқыланды
30.06.2026 19:46:10 89
Атырау облысында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды түсіндіруге, сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру мен қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев және басқарма жетекшілері қатысты.
Кеңесте Агенттіктің облыстық департаменті басшысының орынбасары Айнұр Еңсегенова баяндама жасады. Ол мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға, мансаптық өсудің аралас үлгісін енгізуге, HR-үдерістерді цифрландыруға және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған жаңа заңның негізгі нормаларына тоқталды.
Оның айтуынша, заңда мемлекеттік қызметке іріктеуді «E-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы цифрлық форматта жүргізу тәртібі бекітілген.
– Конкурстық іріктеу толықтай онлайн форматта eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өтеді. Бұл рәсімдерді жеңілдетуге, мерзімді қысқартуға және кадрлық үдерістердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бір лауазым бойынша көлденең мансаптық өсу тетігі қарастырылған. «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне лауазымдық деңгей белгіленбек, ол жалақы мөлшеріне әсер етеді – деді А.Еңсегенова.
Кеңес барысында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға жол бермеу, әлеуметтік желілердегі мінез-құлық қағидалары, кибербуллингке және құмар ойындарға қатысуға тыйым салу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жаңа заңның қабылдануы мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне қойылатын талаптарды күшейте түсетінін атап өтті.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын арттыруға, қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Әр мемлекеттік қызметші мұны жете түсініп, күнделікті қызметте тиімді қолдануы тиіс, – деді ол.
Жиын әрі қарай “сұрақ-жауап” форматына ауысып, мемлекеттік қызметшілер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1229809?lang=ru
