Алматыда журналистерге арналған «Әскери дискурс – 2026» практикалық семинары басталды

Алматыда журналистерге арналған «Әскери дискурс – 2026» практикалық семинары басталды

12.07.2026 19:45:49 250

Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерге арналған «Әскери дискурс – 2026» экстремалды журналистика бойынша практикалық семинары өз жұмысын бастады.
Төрт күн бойы қатысушылар Арнайы операциялар күштерінің әскери бөлімдерінің бірінде оқу-жаттығудан өтеді. Бағдарлама аясында олар төтенше жағдайлар мен қарулы қақтығыстар кезінде журналистің жұмыс ерекшеліктерімен танысып, дағдарыс жағдайларында қауіпсіз қызмет атқаруға қажетті білім мен практикалық дағдыларды үйренеді. Семинар бағдарламасы теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды қамтиды.
Алғашқы күні қатысушылар Алматы қаласына келіп, әскери бөлім аумағына орналасып, кіріспе брифингке қатысты. Қорғаныс министрлігінің өкілдері семинар бағдарламасымен таныстырып, қауіпсіздік талаптары бойынша міндетті нұсқама өткізді.
Семинар барысында журналистерді қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс істеуге даярлау, барынша қауіпті жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету, жаппай тәртіпсіздік кезінде жария ету ерекшеліктері, оған қоса экстремалды жағдайда әрекет ету, аман қалу және тұтқынға түскен кездегі мінез-құлық қағидалары төңірегінде сабақтар өткізілмек.
Практикалық бөлім арнайы жабдықталған оқу алаңдарында ұйымдастырылып, имитациялық құралдар, әскери техника және тактикалық дайындық элементтері пайдаланылады. Қатысушылар тәжірибелі әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен барынша шынайы жағдайға жақындатылған ортада іс-қимыл алгоритмдерін пысықтайды.
Семинар соңы қорытындылау рәсімімен аяқталып, белсенді қатысушылар марапатталатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250005?lang=ru