Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Қытайда өткен турнирде қола жүлдеге ие болды

Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі Қытайда өткен турнирде қола жүлдеге ие болды

13.07.2026 02:11:46 251

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі лейтенант Аян Тұрсын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасында ушу-саньдадан өткен халықаралық турнирде қола жүлдені жеңіп алды. Жарыс Қытай Халық Республикасының Аньлу қаласында өтті.

Турнир қорытындысы бойынша лейтенант Аян Тұрсын үшінші орынға ие болып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің намысын лайықты қорғап, қазақстандық әскери спортшылардың жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аян Тұрсын спорттық жолын олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквондомен айналысудан бастады. Кейін аралас жекпе-жекке ауысып, өз мүмкіндігін толықтай жүзеге асыра білді.

Лейтенант Аян Тұрсын – «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Спорттық мансабы барысында республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Оның жетістіктері қатарында әуесқойлар арасындағы ММА бойынша Қазақстанның VI чемпионатындағы жеңісі, ММА-дан Азия чемпионатының күміс жүлдесі, ушу-саньдадан Қазақстанның екі дүркін чемпионы және татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы атақтары бар. Сонымен қатар, ол таэквондо, ушу және жекпе-жек түрлері бойынша спорт шебері.

Он жылдан астам уақытқа созылған спорттық мансабында Аян Тұрсын түрлі деңгейдегі 56 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 25 алтын, 16 күміс және 15 қола медаль бар. Бұл жетістіктер – көп жылғы табанды еңбектің, жоғары тәртіптің және спорт пен әскери борышқа деген адалдықтың нәтижесі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250674?lang=ru