Қаржы министрлігі жаңа Конституцияның құндылықтарына арналған веложарыс өткізді
13.07.2026 19:47:28 378
ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен веложарыс пен ұжымдағы ауызбірлікті арттыруға бағытталған арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Оған орталық аппараттың, комитеттер мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Бұл ретте аталған жарыс жаңа Ата заңның күшіне ену қарсаңында арнайы өткенін айта кеткен орынды. Конституцияның негізгі құндылықтары – заңның үстемдігін, мемлекеттің жауапкершілігін, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға, қоғамның бірлігі мен ұлттық мүддені қамтамасыз етуге бағытталған.
Бас құжатта мемлекеттік институттарға қойылатын талаптардың тың деңгейі белгіленген. Қаржы министрлігі үшін мұның ерекшелігі зор. Өйткені азаматтардың сенімі, бизнестің орнықты дамуы, бюджет процестерінің ашықтығы мен еліміздің инвестициялық тартымдылығы қаржы жүйесі, салық пен кеден қызметі, қазынашылық әрі басқа да бақылау органдарының жұмыс сапасына тікелей байланысты.
Бұған қоса азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғап, кепілдік беру, оның ішінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту маңызды конституциялық реформалардың бірі болып саналады. Бұл барынша құқықтық ортаны қалыптастырып, мемлекет қабылдаған шешімдердің сапасын арттырады.
Веложарыс министрлік ұжымы үшін мемлекет алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы алға жылжу мен ортақ мақсатқа бірігіп жетудің символына айналды. Сайыс жолына түрлі буын өкілдерінің, бөлімшелер мен ұйым қызметкерлерінің шығуы ұрпақ сабақтастығының, ұжымдық рухтың және ауызбірліктің айқын дәлелі болды.
Тартыстың аламанның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қаржы министрі Мәди Такиев диплом әрі естелік сыйлық тарту етіп, мұндай іс-шаралардың мән-маңыздылығына айрықша тоқтап өтті.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Мемлекеттік қазынашылық комитетінің қызметкері Әйгерім Садыбек өзгелерден оқ бойы озып, мәреге бірінші келді. Екінші орын Әлия Дәулетбаеваға бұйырса, үздік үштікті Мемлекеттік қазынашылық комитетінің тағы бір өкілі Айгүл Сарсембенова түйіндеді.
Ерлер арасындағы додада Электрондық қаржы орталығының қызметкері Әли Қызайбай қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаз атанды. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері Айбек Рымтай мәренің екінші болып кесті. Үшінші орыннан Ақпараттық-есептеу орталығының қызметкері Қайрат Сұлтанбеков көрінді.
ҚР ҚМ өкілдерінің айтуынша, корпоративті мәдениетті дамыту, қызметкерлердің денсаулығын нығайту және біртұтас команданы қалыптастыру тиімді мемлекеттік қызметтің маңызды бөлігі болып саналады. Мұндай іс-шаралар ұжымдағы сенімді нығайтып, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға және ведомство алдына қойылған міндеттерді сапалы орындауға оң әсер етеді.
Жаңа Конституцияның құндылықтарын түсіндіру мен дәріптеу жөніндегі жұмыс аумақтық органдар мен ведомстволық бағынышты ұйымдарда жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1252511?lang=ru