Әскерилер соғыс ардагері Геннадий Ивановты ғасырлық мерейтойымен құттықтады
16.07.2026 06:22:44 247
Тараз қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Геннадий Иванович Ивановтың 100 жасқа толған мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Майдангерді осынау айтулы қуанышымен құттықтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Тараз қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері, сондай-ақ қарияның туған-туыстары, жақындары мен достары жиналды.
Геннадий Иванович қонақтарды өзі қарсы алып, игі тілектер үшін ризашылығын білдірді. Ал, әскери қызметшілерге бұл кездесу өмірі ерлік пен төзімділіктің, Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болған ардагерге алғыс айтудың сәті болды.
Іс-шара барысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан жолданған құттықтау хат оқылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақытжан Қырғызалиев Геннадий Ивановичке майдандағы ерен ерлігі, Отан алдындағы көпжылдық мінсіз қызметі және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығын жеткізді.
Геннадий Ивановичтің майдан жолы 17 жасында басталған. Ол соғыс жылдарында Берлинге дейін жетіп, Жеңістен кейін де әскери қызметін жалғастырды. Саналы ғұмырының жиырма жылға жуық уақытын Қарулы күштер қатарына арнаған ардагердің тағдыры ел тарихымен және жеңімпаз ұрпақтың ерлігімен тығыз байланысты.
Ардагер өз кезегінде келген қонақтарға ерекше ілтипат пен жылы лебіздері үшін шын жүректен алғыс айтты. Әскери қызметшілермен жүздесу өзіне әрқашан ерекше сезім ұялататынын, өйткені әскери бауырластық оның өмірінің мәңгілік ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтті.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының тек үш қана ардагері тұрады. Қарулы күштерінің әскери қызметшілері ұрпақтар арасындағы байланысты сақтай отырып, бейбітшілік пен жеңісті сыйлаған аға буынға құрмет көрсетуді өздерінің басты парызы санайды. Оларды үнемі назарда ұстап, қамқорлыққа бөлеп келеді. Ардагерлердің жүріп өткен ғибратты өмір жолы бүгінгі Отан қорғаушылар үшін шынайы отансүйгіштік пен жоғары адамгершіліктің айнымас темірқазығы болып қала бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1258538?lang=ru