Таразда отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті
17.07.2026 18:13:34 191
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров отандық және шетелдік инвесторлар қатысқан Өңірлік инвестициялық штабтың отырысына қатысты.
Өз сөзінде Ә. Қуантыров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік инвестициялық штабтар инвесторлардың мәселелерін, оның ішінде «қолмен басқару» режимінде жедел шешуге арналған тиімді алаңға айналуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Үкімет алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу және кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі стратегиялық міндет тұрғанын айтты.
«Бүгінде біз облыстың жекелеген инвестициялық жобаларды іске асырудан экономиканың тұтас салаларын жүйелі дамытуға белсенді көшіп жатқанын көріп отырмыз. Қосылған құны жоғары жаңа өндірістік тізбектер қалыптасуда, шикізатты терең өңдеу және экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.
2023–2025 жылдары облыста жалпы құны 241,5 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде өңірдің инвестициялық портфелі жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жобаны қамтиды. Олар шамамен 20 мың жұмыс орнын құруды көздейді және негізінен өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен мен энергетика салаларында жүзеге асырылуда.
Жұмыс сапары аясында Әлібек Қуантыров өңірдегі бірқатар өндіріс орындарының қызметімен танысты. Атап айтқанда, жылына 3 мың тонна томат пастасын өндіретін «Тазабек-Досжан» шаруа қожалығында, «Тараз» индустриялық аймағында, жылдық қуаты 48 мың тонна әк өндіретін «Aqtas Group» ЖШС зауытында, сондай-ақ жылына 70 мың тонна құс етін өндіретін және 500 тұрақты жұмыс орны құрылған толық циклді «Алель Агро» АҚ құс фабрикасында болды.
Жамбыл облысы инвестициялық дамудың жоғары қарқынын көрсетіп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 505,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2%-ға өсті. Бұл ретте өңір үшін белгіленген 369,5 млрд теңге көлеміндегі жоспар айтарлықтай артығымен орындалды. Жеке инвестициялар көлемі 473,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс 289,7 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартып, жоспарды үш еседен астам орындап, ТШИ өсімінің қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259935?lang=ru