Марат Сұлтанғазиев: Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды

Марат Сұлтанғазиев: Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды

22.07.2026 20:32:11 227

Талғар ауданы Ақтас ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 18 шілде күні өрт шығып, жалын 500 шаршы метр аумақты шарпыды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін 45 қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Аталған полигонға бүгін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев барып, аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметіне нақты міндеттер жүктеді, – деп хабарлайды

Мамандардың айтуынша, өрттің таралуына жол бермеу мақсатында жалын жайлаған жерге инертті материалдар төгіліп, Үлкен Алматы каналынан үздіксіз су жеткізілген.

Аталған полигонның жарты бөлігі жекеменшік иесіне тиесілі. Өрт дәл осы аумақта тұтанған. Бірақ меншік иесі әлі табылған жоқ. Ал қалған аумаққа 10 жылдан бері «ECO SERVICE GROUP» ЖШС жауапты. Олар қоқысты қабылдап, сұрыптаумен айналысады. Бірақ компания осы жұмысты дұрыс атқара алмай отыр.

Марат Елеусізұлы мұндай жауапсыздық экологияға қауіп төндіріп, халық денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ меншік иесін тауып, жауапқа тартуды тапсырды.

«Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Себебі бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін мәселе. Полигондағы барлық талаптың сақталуын бақылауда ұстау керек. Меншік иесін шұғыл анықтап, заң аясында тиісті жауапкершілікке тарту қажет. Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жағдай толық бақылауға алынып, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қызметкерлер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262170?lang=ru