«Қазақстан Республикасында Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыру» тақырыбындағы дөңгелек үстел
24.07.2026 17:55:57 231
2026 жылғы 24 шілдеде Астана қаласында гибридті форматта «Қазақстан Республикасында Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыру» тақырыбында жыл сайынғы дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің, өңірлік Орхус орталықтарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Іс-шараның бірінші сессиясы Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыруда жұртшылықтың қатысуы мен сот төрелігіне қол жеткізу мәселелеріне арналды. Сессия барысында өңірлік Орхус орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қоғамдық қатысуды қамтамасыз ету және азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды.
Екінші сессия экологиялық ақпаратқа қол жеткізу және оны заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып тарату мәселелеріне арналды. Сессия барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК-ның өкілдері экологиялық ақпаратты жинауды, жүйелеуді және таратуды қамтамасыз ететін цифрлық жүйені таныстырды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері ғарыштық мониторингтің мүмкіндіктерімен таныстырып, оның қоршаған ортаның жай-күйін бақылау және өзекті экологиялық ақпарат алу үшін қолданылуын көрсетті.
Іс-шара қорытындысы бойынша экологиялық ақпаратқа қол жеткізу жүйесін одан әрі дамытуға, жұртшылықтың экологиялық маңызы бар шешімдерді қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар, Орхус орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсынымдарды қамтитын хаттамалық шешім қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1263473?lang=ru