Абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді

Абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді

05.08.2026 09:21:50 184

Бүгін аудан басшысы Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.

Жұмыс сапарын Орман шаруашылығының теңгеріміндегі тұқымбақта бастаған аудан әкімі көшеттердің жай-күйін тексеріп, суару жүйесін тиімді ұйымдастыру бойынша тапсырмаларын берді. Сондай-ақ күтім жұмыстарын күшейту мәселелері де қатар талқыланды.

Мұнан соң «Дендро парк» саябағында жүргізілген жұмыстардың барысын көрді. Бүгінде аудан әкімінің қолдауымен 2012 жылы пайдалануға берілген саябақтың ішкі аумағын қайта жаңғырту, аяқ су жеткізу және көгалдандыру жұмыстары қолға алынған.

Сапар барысында «Қазақ хандығы» аллеясының абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мұнда аудан басшысы «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен кездесіп, олардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Биыл аудан бойынша «Жасыл ел» жобасы аясында 110 жас маусымдық жұмыспен қамтылып, көркейту, көгалдандыру жұмыстарына белсенді үлес қосуда.

– «Туған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысып, қызмет етулерің – үлкен жауапкершілік әрі азаматтықтың көрінісі. Киелі мекеннің өркендеуіне қосқан еңбектеріңе сәттілік тілеймін», – деді Жандос Еркінбек.

Сонымен қатар Тәуелсіздік ықшам ауданындағы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы тексерілді. Қазір ауданда 2 пәтерлі 100 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін нысан пайдалануға беріліп, 200 отбасы жаңа баспананың кілтін иеленеді деп жоспарлануда.

Аудан басшысы барлық құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге әрбір жобаны белгіленген уақытында әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1268818?lang=ru