2025 жылғы 29 мамыр: Эмин Агаларов Маңғыстауға келді – өңірде халықаралық деңгейдегі жаңа курорт салу мәселесі талқыланды
05.08.2026 15:37:02 240
2025 жылғы 29 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың шақыруымен өңірге белгілі инвестор, Sea Breeze халықаралық туристік кластерінің негізін қалаушы Эмин Агаларов келді. Сапардың негізгі мақсаты – Маңғыстау облысының туристік әлеуетімен танысып, ірі курорттық кешен салуға қолайлы аумақтарды зерделеу болды.
Облыс әкімі инвесторға жағажай туризмін дамытуға қолайлы Кендірлі курорттық аймағын және өңірдің басты табиғи көрікті жерлерінің бірі – Бозжыра шатқалын таныстырды. Сондай-ақ өңірде туризмді дамытуға бағытталған жоспарлар мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы ақпарат берілді.
Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді өңірлік экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындағанын атап өтіп, 2025–2027 жылдары Маңғыстауда 13 ірі туристік жобаның іске асырылатынын айтты. Соның ішінде Кендірлі курорттық аймағы жыл сайын 350 мыңнан астам турист қабылдай алатын ірі туристік орталыққа айналмақ. Жоба аясында қонақүйлер, санаторийлер, аквапарк және басқа да демалыс нысандары салынбақ. Сонымен қатар, аймақта жаңа халықаралық әуежайдың құрылысы басталған.
Келіссөздер барысында тараптар туризм саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді, халықаралық деңгейдегі курорттық жобаларды іске асыру перспективаларын және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.
Атап айтқанда, Кендірліде Sea Breeze тұжырымдамасына ұқсас заманауи курорттық аймақ құру, түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайту және этнотуризмді дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық әрі мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Осы мәртебенің ресми ашылу салтанаты 5 сәуірде өтіп, оған Қазақстанның туризм жөніндегі елшісі Димаш Құдайберген қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1269181?lang=ru