2025 жылғы 30 тамыз: Euronews сайтында Маңғыстау туризмі туралы мақала жарияланды
05.08.2026 18:00:45 148
2025 жылғы 30 тамызда Euronews халықаралық ақпараттық платформасының сайтында «Walking on Mars: Discover Mangystau’s alien landscapes, sacred sites and Caspian coast» («Марста серуендеу: Маңғыстаудың тылсым табиғатын, киелі орындарын және Каспий жағалауын зерттеу») атты мақала жарияланды. Материал Маңғыстау облысының Туризм басқармасының бастамасымен өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету аясында жарық көрді.
Мақалада Маңғыстаудың Марс ғаламшарына ұқсас ерекше табиғи ландшафттары кеңінен таныстырылды. Онда Бозжыра шатқалы, Қызылкүп (Tiramisu Canyon), Тұзбайыр сор жазығы, Торыштағы Шарлар аңғары және Сенек құмы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар, 2024 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралардың алдын ала тізіміне енгізілген Бекет ата және Шопан ата жерасты мешіттерінің тарихи-мәдени маңызы баяндалды.
Материалда Каспий жағалауын дамыту стратегиясы, Кендірлі курорттық аймағында заманауи курорт салу жобасы және 2026 жылдың басында пайдалануға берілуі жоспарланған жаңа халықаралық әуежай құрылысы туралы да айтылды. Сондай-ақ Ақтауға Қазақстанның ірі қалаларынан және Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Грузия мен Біріккен Араб Әмірліктерінен тікелей әуе рейстері орындалатыны көрсетілді.
Басылымда 2024 жылы Маңғыстау облысына 462 мыңнан астам турист келгені және 2025–2029 жылдарға арналған ұлттық туристік стратегия аясында бұл көрсеткіштің алдағы жылдары одан әрі өсетіні атап өтілді.
Euronews сайтындағы жарияланым Маңғыстау облысының табиғи, тарихи-мәдени және туристік әлеуетін халықаралық аудиторияға таныстыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1269339?lang=ru