Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық және кедендік тексерулердің сапасын арттыруда: өңірлермен өткен кеңестің қорытындылары
05.08.2026 18:45:47 162
2026 жылғы 3 тамызда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың төрағалығымен салықтық және кеденнен кейінгі аудитті жүзеге асыратын аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің 400-ден астам қызметкерінің қатысуымен республикалық кеңес өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы салықтық және кедендік тексерулердің сапасын арттыру, заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету және адал салық төлеушілердің құқықтарын қорғау болды.
Қатысушылар салықтық және кедендік тексерулердің нәтижелеріне берілген шағымдар бойынша Қаржы министрлігінің Апелляциялық комиссиясы мен сот органдарының тәжірибесін қарады. Тексерулерді жүргізу барысында жіберілетін, оның ішінде рәсімдік сипаттағы және қосымша есептеулерге әкеп соққан бұзушылықтарды анықтау кезіндегі кеңінен таралған қателіктерге ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайларды талдау тексерулердің сапасын арттыруға, қателіктерді барынша азайтуға және қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аудиторлық бөлімшелердің кадрлық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, сапалы нәтижелерге қол жеткізетін қызметкерлерді қосымша ынталандыру шараларын енгізу, сондай-ақ тұрақты негізде оқыту семинарларын, практикалық сабақтарды, кәсіби конкурстарды, оның ішінде «Үздік аудитор» конкурсын өткізу ұсынылды.
Кеңес қорытындысы бойынша осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылданды. Қаржы министрлігінің Апелляциялар департаменті мен Мемлекеттік кірістер комитеті Апелляциялық комиссия мен сот органдарының шешімдеріне тоқсан сайын талдау жүргізу, анықталған қателіктерді жинақтап қорыту және оларды аумақтық бөлімшелерге жеткізу жұмыстарын жалғастырады.
Аталған жұмыс салықтық және кедендік әкімшілендірудің сапасын арттыруға, тексерулерді жүргізу кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтар мен бизнестің мемлекеттік кірістер органдарының қызметіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1269392?lang=ru