Алматы облысында биыл жалпы құны 123 млрд теңге болатын 106 нысанның құрылысы жоспарлануда
07.08.2026 14:41:30 249
Алматы облысында биыл жүзден астам нысанның құрылысы басталуы мүмкін. Бұл туралы Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Марат Елеусізұлы айтты. Сондай-ақ сала мамандарының кәсіби еңбегі ескеріліп, құрылыс саласының дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының тірегі екенін атап өтті.
«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде жаңа тұрғын үйлер, заманауи мектептер мен ауруханалар, сәулетті мәдениет және спорт ошақтары, дамыған инфрақұрылым нысандары бой көтеріп, халқымыздың тұрмыс сапасы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылысшы мамандығын экономиканың негізгі іргетасы және жасампаздық жолы ретінде айрықша бағалап, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға қосып жатқан үлесін әрдайым ерекше атап өтеді. Сіздер – ел ертеңінің берік негізін қалап жатқан нағыз майталман мамансыздар», – деген аймақ басшысы Алматы облысында бұл сала жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өңір жетістіктері мен алдағы айтулы жобаларға тоқталды.
Атап айтқанда, биыл жалпы құны 122,9 млрд теңге болатын 106 нысанның құрылысы жоспарлануда. Жыл басынан бері тұрғын үй көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 221 мың шаршы метрге артып, 843 мың шаршы метрді құрады. Бұл – халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Қонаев қаласында жаңа әкімшілік орталық қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті, экономикалық тергеп-тексеру, облыстық сот, Департаменттер үйі, Полиция департаменті және облыс әкімі аппаратына қарасты ұйымдардың жаңа ғимараттарының құрылысы басталды. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Достық үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені сияқты маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 26 жаңа мектеп ашылды. «ЕРС+F» тетігі арқылы тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланған.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қапшағай – Күрті» және «Алматы – Бішкек» автожолдарын қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Алматы – Бішкек» автожолының 19-27 шақырымын 8 жолаққа дейін кеңейту жобасы басталды.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 37 медициналық нысан пайдалануға берілді. Ал энергетика және инженерлік инфрақұрылым бағытында Қонаев қаласында тәулігіне 30 мың текше метр суды сүзгіден өткізетін кәріз кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Мұның барлығы – сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер тұрғызған әрбір тұрғын үй, мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, жол мен инженерлік нысан Алматы облысының өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына қызмет етіп келеді», – деді Марат Елеусізұлы.
Сонымен қатар құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл біліктілік талаптарына сәйкес келмеген 149 құрылыс компаниясының лицензиялары тоқтатылған. Сондай-ақ заңнама талаптарын бұзған 15 сарапшының аттестатының қолданысы уақытша тоқтатылып, техникалық қадағалау саласындағы 2 сарапшының аттестаты кері қайтарылды. Бұл шаралар саладағы жауапкершілікті күшейтуге және салынып жатқан нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Марат Сұлтанғазиев шара барысында құрылыс саласына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматты «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Жиында сала ардагері Анатолий Рябинин құттықтау сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Бүгінде ауыз толтыра айтатын жетістіктеріміз де, ойланатын мәселелеріміз де бар. Мемлекет басшысы өңірдің дамуына, болашақ қалаларды қалыптастыруға қатысты ауқымды міндеттер қойды. Әрине, бұл – өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдымызда күш-жігер мен мықты денсаулықты қажет ететін ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Құрылыс саласы ардагерлерінің абыройлы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бар білімі мен тәжірибесін өңірдің өркендеуіне арнаған олардың өмір жолы қашанда құрметке лайық. Ең бастысы, баршамызға тыныш ғұмыр тілеймін. Бірлік пен бейбітшілік – біздің жетістігіміздің басты кепілі», – деді ардагер.
«Мойнақ» ГЭС-інің салынуына ұйытқы болған инженер-энергетик, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Стахан Белғожаев та жылы лебізін арнап, құрылыс саласының қоғамдағы рөлі жайлы сөз қозғады.
Осылайша, сәулеті келіскен қалалар мен зәулім ғимараттарды тұрғызып, халықтың жайлы өмірі үшін тер төккен құрылысшылардың мерейі тасыды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1270544?lang=ru