Әскери құрылыс: Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігінің берік негізі
09.08.2026 12:10:40 221
Қазақстанда жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл мереке елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген құрылыс саласы мамандарымен қатар, Қарулы күштердің әскери инфрақұрылымын дамытуға еңбек етіп жүрген әскери құрылысшылардың да еңбегіне көрсетілетін құрметтің белгісі.
Қазіргі заманғы армияның тиімді қызметі әскери қызметшілердің кәсіби даярлығымен ғана емес, олардың қызмет атқаратын инфрақұрылымының сапасымен де тығыз байланысты. Әскери қалашықтар, казармалар, штабтар, оқу полигондары, инженерлік құрылыстар, әскери техника мен қару-жарақ сақталатын нысандар – Қарулы күштердің күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды жүйе. Сондықтан әскери құрылыс саласын дамыту – еліміздің қорғаныс әлеуетін арттырудағы басым бағыттардың бірі.
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігі әскери инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта құрылыс саласына заманауи технологиялар енгізіліп, нысандарды қысқа мерзімде пайдалануға беру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және әскери бөлімдерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – модульдік құрылыс технологияларын енгізу. 2016 жылдан бері Қарулы күштерде жеңіл құрастырмалы модульдік ғимараттар кеңінен қолданылып келеді. Олардың негізінде штабтар, казармалар, асханалар, медициналық пункттер және басқа да қызметтік нысандар қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Биыл қайта жабдықталған контейнерлер негізіндегі жаңа буын модульдік құрылыстарды іске қосу жоспарланған. Мұндай нысандар жоғары мобильдігімен, үнемділігімен және жедел орнатылу мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Әскери қалашықтардың жайлылығы мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылуда. 2020 жылдан бері әскери қалашықтарда балалар және спорт алаңдары орнатылып, кіреберіс жолдар жөнделіп келеді. Бұл жұмыстарды Астана, Приозерск, Қонаев, Аягөз, Шымкент және Гвардейск қалаларындағы жол-пайдалану бөлімшелері жүзеге асыруда. Ал Алматы, Қарағанды, Тараз және Семей қалаларындағы пайдалану бөлімдерінің базасында өндірістік взводтар құрылып, әскери бөлімдерді қоршаулармен, тез құрастырылатын ангарлармен және өзге де инженерлік конструкциялармен қамтамасыз ету жолға қойылды.
Әскери авиация инфрақұрылымын жаңғырту аясында Талдықорған, Шымкент, Балқаш және Астана қалаларындағы әскери әуеайлақтар жаңартылып, «Жетіген» және «Сарыарқа» әуеайлақтарының әскери секторын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге оқу-полигондық база жетілдіріліп, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауға арналған нысандар жаңартылып жатыр. Пайдалану бөлімдерінің базасында казармалық және далалық жиһаздар, металл конструкциялар, ангарлар мен инженерлік жабдықтар өндіріліп, әскердің қажеттілігі отандық өніммен қамтамасыз етілуде.
Әскери инфрақұрылымның тұрақты жұмысын әскери құрылысшылармен қатар инженерлер, энергетика, жылу, су және газ шаруашылығы мамандары, азаматтық персонал мен пайдалану бөлімдерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Олардың кәсіби қызметі Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін нығайтып, әскери бөлімдердің үздіксіз жұмыс істеуіне негіз болады.
Заманауи әскери инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға қызмет ететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1271054?lang=ru