Арқалық қаласының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылдысле реконструкции

Арқалық қаласының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылдысле реконструкции

10.08.2026 12:36:07 180

Арқалық қаласының 70 жылдығы жоғары деңгейде өтті. Мерейтой барысында өткен үлкен салтанатты шараның бірі – қайта жаңғыртудан кейін ашылған теміржол вокзалы.

Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 125 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Облыста Қостанай қаласы, Арқалық, Тобыл, Железорудный, Аманқарағай, Кұсмұрын бекеттерінде 6 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Осыған дейін Аманқарағай, Құсмұрын, Рудный теміржол вокзалдары ашылған болатын.

«Ал, бүгін біз Арқалық қаласы үшін өте маңызды да қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қаланың 70-жылдық мерейтойында жаңарған, заманауи теміржол вокзалы өз есігін айқара ашып отыр. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба емес, бұл Арқалықтың өркендеуінің, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған өңірлерді дамыту саясатының жарқын көрінісі!», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде.

Жаңарту жұмыстарына 1,3 млрд теңге жұмсалды. Ғимарат 1972 жылы салынған. Соңғы жөндеу 2015 жылы өткізілген. Биыл ғимараттың сәулеттік келбеті толық жаңарып, инженерлік желілері жөнделді. Күту залы, билет кассалары мен санитарлық тораптар заманауи талаптарға сәйкес жабдықталды. Вокзал маңындағы алаң абаттандырылды.

Теміржол вокзалының ауданы 1 772-ден 2 400 шаршы метрге дейін ұлғайды.

Станция арқылы 8 пойыз, оның ішінде Астана, Қостанай және Шұбаркөл бағытында 4 қала маңы пойызы қатынайды.

«Қаламыздың 70 жылдық мерейтойына орай, күнара қатынайтын, жаңа вагондардан тұратын «Нұрлы жол – Арқалық» жолаушылар пойызы іске қосылды. Мұның маңызы өте зор. Жаңа бағыт өңірдің қатынас мүмкіндігін едәуір жақсартты. Бұл жоба –  ең алдымен халыққа сапалы, жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету үшін жүзеге асырылды», – деді Құмар Ақсақалов.

Вокзал тәулігіне 428 адамды қабылдай алады. Мүгедектігі бар азаматтар, қарт адамдар және балалары бар жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды.

Жаңартылған вокзал жолаушылар ағынын және іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. Атап айтсақ, өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті артып келеді. Аймақ басшысы көлік қатынасын дамытпай, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екенін жеткізді.

Арқалық өңірінің экономикасына жаңа серпін беру мақсатында екі маңызды жол жаңаруда. Біріншісі – «Жезқазған-Арқалық» автожолы. Арқалықтан Жезқазғанға дейін 309 шақырым. Біздің облыс бойынша өтетін  71 шақырым жөнделді. Биыл 8 шақырымның жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ұлытау облысы бойынша өтетін жолдың жөндеуі де биыл аяқталады. 

Арқалықтан Есілге дейін облыс бойынша өтетін жолдың жөндеуі толық аяқталды. Оның арқасында бұл бағыт 500 шақырымға қысқарады.

Екіншісі – Мемлекет Басшысының тапсырмасымен салынып жатқан, Арқалық және Торғай арқылы өтетін жаңа «Орталық-Батыс» жолы.

«Жаңартылған әуежайды жақын арада ашамыз. Жоба өңір мен жергілікті тұрғындар үшін үлкен маңызға ие. Нәтижесінде, Арқалық еліміздің солтүстігін, орталығын, батысы мен оңтүстігін өзара жалғайтын маңызды көлік және логистикалық хабқа айналады. Көліктік логистиканың дамуы Арқалықтың экономикасына серпін береді, сондай-ақ кәсіпкерлік пен ішкі туризмді жандандырады», – деп атап өтті облыс әкімі.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1271360?lang=ru