Алматы облысында жоңышқа жинау науқыны қызу жүргізілуде

Алматы облысында жоңышқа жинау науқыны қызу жүргізілуде

11.08.2026 08:16:07 178

Биыл Алматы облысында 206,6 мың гектар алқапқа мал азығы дақылы егілді. Оның ішінде 77 мың гектарға жуығы – көпжылдық жоңышқа. Алғашқы орымның өзінде 374 мың тонна жоңышқа жиналып, орташа өнімділік әр гектарына 48,6 центнерді құрады. Бүгінде екінші рет шабу жұмысы аяқталуға жақын. Ал жиналған өнім көлемі 658 мың тоннаға жетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылдық округі аумағындағы «Жанашар» шаруақожалығы 200 гектарға жуық аумаққа дәнді және мал азығы дақылын сепкен. Оның 61 гектары – жоңышқа. Бұдан бөлек, жүгері, күздік бидай мен арпа және сұлы дақылдары бар. Сондай-ақ кәсіпорын аумағында мал шаруашылығы кешені жұмыс істейді. Егін алқабында дайындалған өнім фермаға әкелініп, малға құнарлы азық болады.

«Қазіргі таңда 300 бас ірі қара ұстаймыз. Сонымен қатар аздаған жылқы мен қойымыз бар. Негізгі бағытымыз – сүт және ет өндіру. Қазір күн сайын ірі компанияларға шамамен 600 литр сүт өткіземіз. 100 литрін балалар лагері тұтынады, тағы 100 литрін бұзауларға қалдырамыз. Яғни тәулігіне 800 литрдей сүт әзірлейміз. Қазір алдымызға осы көлемді екі есеге арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта көршілес облыстардан жас мал сатып алдық. Өзіміздің де төлдеріміз бар. Жоспар бойынша, 2027 жылдың соңына қарай тәулігіне шамамен 1,5 тонна сүт өндіретін боламыз», – дейді шаруақожалық басшысы Александр Гардт.

Мұндай шағын кәсіпорындар облыстағы ауыл шаруашылығының дамуына мол үлес қосып келеді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, таза әрі сапалы өнімді халыққа ұсынып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1271923?lang=ru