Отанға қызмет – абыройлы міндет

Отанға қызмет – абыройлы міндет

11.08.2026 11:36:08 264

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында вице-адмирал Серік Борамбаев пен генерал-майор Фазылолла Бәденовтің әскери қызметтен запасқа шығуына байланысты Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

– Серік Жақсығалиұлы мен Фазылолла Жұмағазыұлы саналы ғұмырын Отанға қызмет етуге арнады. Олар ұзақ жылдар бойы жауапты басшылық қызметтер атқарып, жауынгерлік даярлықты жетілдіруге, әскери басқару жүйесін дамытуға және жас офицерлерді тәрбиелеуге елеулі үлес қосты. Олардың қалыптастырған дәстүрлері Отан қорғаушылардың кейінгі буыны үшін де алдағы уақытта бағыт-бағдар болады деп сенемін, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.

Қорғаныс министрінің атынан Бас штаб бастығы офицерлерге алғыс хаттар табыстады. Салтанатты рәсім барысында Қарулы күштердің ардагерлері де сөз сөйлеп, офицерлердің мол тәжірибесі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісінде және ардагерлер қозғалысын дамытуда әлі де қажет болатынына сенім білдірді.

Серік Борамбаевтың Қазақстан Қарулы күштеріндегі әскери қызмет жолы Атырау облыстық әскери комиссариаты бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінен басталды. Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін тәмамдаған ол Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметтерден өтіп, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына дейін көтерілді.

Серік Борамбаевтың мол білімі мен көп жылғы қызметтік тәжірибесі өзге де жауапты бағыттарда кәдеге жарады. Әр жылдары Ақпарат және коммуникациялар, Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Аумақтық қорғаныс департаменттерін басқарды. Сонымен қатар Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды. Мемлекет пен Қарулы күштер алдындағы еңбегі үшін II дәрежелі «Айбын» және II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған.

Генерал-майор Фазылолла Бәденовтің әскери жолы авиациямен тығыз байланысты. Кәсіби қызметін ұшқыш-нұсқаушы ретінде бастап, авиациялық буын командирінен Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы – Бас қолбасшының бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Қызмет жылдарында әскери басқару, жауынгерлік даярлық және стратегиялық жоспарлау салаларында мол тәжірибе жинақтап, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға елеулі үлес қосты. Көп жылғы мінсіз қызметіне II дәрежелі «Даңқ» ордені табыс етілді.

Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі вице-адмирал Серік Борамбаев пен генерал-майор Фазылолла Бәденовтің көп жылғы әскери қызметіне қорытынды жасаған айрықша сәт болды. Бұл офицерлердің есімдері Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында лайықты орын алады

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1272127?lang=ru