Мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді
11.08.2026 17:40:44 161ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков Үкімет отырысында мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Вице-министр цифрлық трансформацияның екі негізгі бағыты туралы айтты, олар: eGov Business порталы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру және атаулы мемлекеттік қолдау мен деректер негізінде шешімдер қабылдау үшін негіз ретінде қолданылатын Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамыту.
Бүгінде елімізде 150 мемлекеттік қолдау шарасы бекітілген. Оның ішінде 63 шара электронды форматта қол жетімді, ал 87 шара әзірге қағаз түрінде және цифрландыруды талап етеді. Бұл ретте қағаз процестерді электрондық форматқа ауыстырып қана қоймай, артық іс-әрекеттер мен әкімшілік кедергілерді болдырмау үшін оларға алдын ала реинжиниринг жасау ұсынылып отыр.
eGov Business-ке шығару үшін цифрландырудың бірінші кезеңі ретінде «Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингі ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары таңдалды. Бұл осы шаралардың цифрлық жетілуінің жоғары деңгейіне және Холдингтің процестерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жүргізген елеулі жұмыстарына байланысты мүмкін болып отыр.
2024-2025 жылдары Холдинг еншілес ұйымдармен бірлесіп мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестеріне реинжиниринг жүргізді. Оған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның бір қатысушысы бар шаруа қожалығының өтінім беруіне байланысты «5% жеңілдікті лизинг» бағдарламасы айқын мысал.
Бұрын мұндай өтінімді беру және қарау процесі 80-нен астам қадам жасауды қажет ететін еді, ақпараттың едәуір көлемі қолмен толтырылатын, ал қарау мерзімі екі жұмыс күніне дейін созылатын. Ал жүргізілген реинжинирингтен кейін қадамдар саны шамамен 30-ға дейін азайды, ал «Қазагроқаржы» порталында өтінімді қарау мерзімі 5-10 минутқа дейін қысқартылды.
«Келесі кезең – процесті eGov Business порталымен интеграциялау және өрістерді автоматты түрде толтыру үшін қолда бар мемлекеттік деректерді пайдалану. Бұл қосымша цифрлық өтінім беру арнасын құруға, кәсіпкердің іс-қимыл санын қысқартуға және өтінім беруді іс жүзінде бірнеше ғана қадаммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,
— деді Бекболат Молдабеков.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1272435?lang=ru