Жасанды интеллект, білім сапасы және болашақ дағдылары: Қостанайда білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті

Жасанды интеллект, білім сапасы және болашақ дағдылары: Қостанайда білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті

14.08.2026 19:21:41 231

14 тамызда Қостанай облысының әкімі Құмар Иргибаевич Ақсақаловтың қатысуымен «Адами капитал – өңір дамуының стратегиялық негізі: білім сапасы және жаңа оқу жылының басымдықтары» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті.

Пленарлық отырыс кәсіби диалог форматында ұйымдастырылып, білім сапасы, заманауи білім беру технологиялары мен жасанды интеллект, ауыл мектептерін дамыту, педагогтердің кәсіби құзыреттері және болашақ ұрпаққа қажетті дағдылар талқыланды.

Іс-шараның ең әсерлі жаңалықтарының бірі – Ұмай атты цифрлық виртуалды жүргізушінің алғаш рет сахнаға пленарлық отырыстың дәстүрлі модераторымен бірге шығуы болды. Жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген Ұмай кеңестің ең жарқын ерекшеліктерінің біріне айналды.

Өзінің бейнеүндеуінде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беруді дамытудың стратегиялық бағыттарына тоқталып, білім сапасын арттыру, цифрландыру, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Қостанай облысының білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров өңірлік білім беру жүйесінің басымдықтарын таныстырды. Оның ішінде білім сапасын арттыру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше мән берілді.

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен жаңа оқу жылына қойылған міндеттер туралы баяндады.

Мұхаммад Әли Джавед, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің (Абу-Даби) жасанды интеллект және деректерді талдау жөніндегі сарапшысы, мектептерді жасанды интеллект дәуіріне дайындау, технологияларды жауапкершілікпен пайдалану және педагогтің негізгі рөлін сақтау мәселелерін қозғады.

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті Ержан Аубакиров «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдаудың тиімді тәжірибелерімен бөлісті.

Семей қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі Марат Айткалиев Альфа ұрпағы және болашақ құзыреттері тақырыбына тоқталып, педагогтің тәлімгер әрі көшбасшы ретіндегі рөліне назар аударды.

Кеңес қорытындысын шығарған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру мен жас ұрпақ мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Бұл бағыттардың жаңа Халық Конституциясында да көрініс тапқанын жеткізді.

«Білім беру – біз үшін де басты басымдықтардың бірі. Өйткені бұл – әр отбасының өміріне тікелей қатысты сала», – деді өңір басшысы.

Бүгінде облыстың білім беру жүйесі шамамен 150 мың баланы қамтиды, салада 36 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Биыл білім беру саласына 227,1 млрд теңге бөлінді. Бұл облыстық бюджеттің шамамен үштен бірін құрайды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 176,8 млрд теңге болған.

Соңғы үш жылда облыста 15 балабақша мен 10 мектеп салынды, 457 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 30 нысанға күрделі жөндеу жасалды. Осы кезеңде өңірдің 83 түлегі әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттарға ие болды.

«Біздің міндетіміз – мұндай мысалдардың жекелеген жағдай болып қалмауын, тұрғылықты жеріне қарамастан әр балаға бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз ету. Ал педагогтердің міндеті – баланың қабілетін дер кезінде байқап, қолдау көрсетіп, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау», – деді Құмар Ақсақалов.

«Жастар сарайының» холында білім берудің заманауи шешімдері, цифрлық құралдар мен практикалық әзірлемелер ұсынылған тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар педагогтер жаңа тәсілдермен танысып қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік алған шеберлік сабақтары өтті.

Кеңес білім беру қызметкерлерін марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Облыс әкімі 25 педагогке ведомстволық және өңірлік марапаттарды табыстады.

3 педагог «Еңбек ардагері» медалімен, 4 педагог Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен, 2 педагог «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, 2 педагог «Орта білім беру ісінің үздігі» құрметті дипломымен, тағы 2 педагог «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрметті дипломымен марапатталды.

Сонымен қатар 3 білім беру қызметкеріне ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары, 4 қызметкерге министрліктің Алғыс хаттары, тағы 5 педагогке Қостанай облысы әкімінің грамоталары табысталды.

Сондай-ақ өңірлік байқаулардың жеңімпаздарына сертификаттар берілді. Арқалық қаласының білім бөлімінің Ы. Алтынсарин атындағы гимназиясы 2026 жылғы орта білім берудің үздік ұйымы деп танылса, Рудный тау-кен технологиялық колледжі техникалық және кәсіптік білім берудің 2026 жылғы үздік ұйымы атанды. Оларға 68 миллион теңге көлемінде сертификаттар табысталды.

Рудный қаласының білім бөлімі облыс қалалары арасында рейтингтік бағалау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды. Бейімбет Майлин ауданының білім бөлімі аудандар арасындағы рейтингтік бағалауда үздік деп танылды.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясындағы «Үздік мектеп ауласы» байқауының жеңімпаздарына сертификаттар табысталды.

Облыстық тамыз кеңесі білім берудің стратегиялық міндеттерін нақты шешімдермен және педагогтердің озық тәжірибесімен ұштастырып, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды айқындады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1274618?lang=ru