Биыл Алматы облысында білім беру саласына 458 млрд теңге қаржы бөлінді
18.08.2026 18:07:10 272
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады. Айтуынша, үш ауысымды оқытуды жою мақсатында соңғы төрт жылда 75 жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай салынған. Соның ішінде мемлекет қолдауының нәтижесінде 24 900 орынды 26 «Келешек мектеп» есігін айқара ашты. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес он мектептің күрделі жөндеуі аяқталды, тағы екі нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа оқу жылында 502 мектепте 385 мыңға жуық бала білім алады. Ал бірінші сыныпқа 32 мыңнан астам оқушы қабылданды. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан жаңа мектеп салу – басты міндеттердің бірі. Осыған орай өңірде ЕРС+F тетігі арқылы 5 100 оқушыға арналған бес жалпы білім беретін мектептің тізімі бекітілді. Алматы агломерациясы ауылдарында Алматы қаласының бюджеті есебінен бес білім ошағын салу бойынша келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ биыл 200 орынды бір жатақхананың құрылысы тәмамдалса, жыл аяқталғанға дейін 500 орынға шақталған үш жатақхана ашылады.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде биыл білім беру саласына 458 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты. Әсіресе оқулық қорының жеткілікті болуына ерекше назар аударылған. Оған бөлінген қаражат – 3,3 млрд теңге. Жаңа оқу жылында жекелеген санаттағы 63 мың оқушыға мектеп формасы және оқу құралдары беріледі. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен 18 мың балаға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ 185 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Шалғай елді мекендердегі оқушыларды тасымалдау үшін үш млрд теңге бөлінген. Мұның игілігін 29 мыңнан астам бала көрейін деп тұр.
Бүгінде облыстағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Олардың 87,9%-ында жаңа модификациялы оқу кабинеттері бар. Биыл 78 мектепте 203 заманауи кабинет ашылады. Сондай-ақ 2020 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім беру ұйымдарында жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. 213 мектепке арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған.
Сөз соңында облыс әкімі жаңа оқу жылына дайындық жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын және тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1276117?lang=ru