Мектептердегі орын тапшылығы 3 есеге азайды
18.08.2026 18:36:18 233Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы білім мен жас ұрпаққа ерекше көңіл бөліп келеді. Облысымызда соңғы үш жылда 10 мектеп салынды, оның алтауы – «Келешек мектептері». Келешек мектептер әлемдік талаптарға сай толық жабдықталған. Ғылыми жобалар мен зерттеулерде жасанды интеллект пайдаланады.
«Мектептердегі орын тапшылығы 7 500-ден 2 500-ге дейін 3 есеге азайды. Қалған 2,5 мың тапшылықты шешу үшін 2 мектеп салынады», – деді аймақ басшысы.
2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сапалы тамақтануды қамтамасыз ету үшін бірде-бір білім беру нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ асхана болмауы тиіс.
«Мектепке жол» акциясын сапалы әрі ашық түрде өткізіп, көмекке мұқтаж балаларды толық қамтуды қамтамасыз ету қажет. Бизнес өкілдерін аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамын. Мұның барлығы балалардың жайлы білім алуына, жан-жақты дамуына және жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне жасалып отырған жағдай», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Соңғы екі жылда облыс экономикасының өсу қарқыны орташа республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Бұл тек инвестиция тартудың, жаңа зауыттар мен фабрикаларды іске қосудың нәтижесі ғана емес, білікті мамандардың – білім беру ұйымдары түлектерінің де еңбегінің жемісі.
Айта кетейік, қазіргі таңда жаңа өндірістердегі жұмысшылардың 50-70%-ін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1276174?lang=ru