«Жүйе біртіндеп сала үшін жұмыс құралына айналуда»: Қоғамдық кеңес отырысында сауда мәселелері талқыланды

«Жүйе біртіндеп сала үшін жұмыс құралына айналуда»: Қоғамдық кеңес отырысында сауда мәселелері талқыланды

22.08.2026 12:26:36 266

Бүгін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Министр Арман Шаккалиев пен Кеңес төрағасы Руслан Шаекиннің төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР СИМ басшылық құрамы, Қаржы министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен бизнес-қоғамдастықтың басшылары қатысты.

«Үй жанындағы дүкен» форматына мемлекеттік қолдау көрсету мәселесін талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов жеке кәсіпкерлікті қолдау шараларын көрсету қағидаларын жетілдіру мәселесін көтерді. Қолданыстағы қағидаларда халыққа қолжетімді жерде орналасқан жұмыс істеп тұрған сауда нүктелерін сатып алуға берілетін кредиттерді субсидиялау мүмкіндігі қарастырылмаған.

Қоғамдық кеңес Қағидаларға жұмыс істеп тұрған «үй жанындағы» дүкендерді сатып алуға берілетін кредиттерді субсидиялау және кепілдендіру мүмкіндігін енгізуді, сондай-ақ кәсіпкерлерге бір жоба аясында инвестициялық кредитті айналым қаражатын толықтыруға арналған кредитпен қатар пайдалануға рұқсат беруді ұсынды.

«Сауда – отандық өндірісті дамытудың маңызды ынталандырушысы. Сауда саласында шамамен 1,5 млн адам жұмыспен қамтылғанын, ал саланың өзі ЖІӨ құрылымында екінші орында тұрғанын үнемі айтып келемін. Сондықтан мемлекеттік қолдау – саламызды одан әрі дамыту, оның тиімділігін арттыру және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызды құралы», – деп атап өтті Арман Шаккалиев.

Цифрландыру және Ұлттық тауарлар каталогының жұмыс істеуі мәселелері бойынша Саудаға жәрдемдесу қауымдастығының өкілі Нұрлан Нұрмағамбетов бұрын әкелінген өнімдер бойынша шетелдік өндірушілер туралы мәліметтерді алу кезінде импорттаушылар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің тап болып отырған мәселелерін айтты.

Бизнестің қаржылық шығындарын, азық-түлікке жатпайтын тауарлар ассортиментінің қысқаруын және шамадан тыс әкімшілік жүктемені болдырмау мақсатында Кеңес 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезең енгізуді ұсынды. Бастама бұрын әкелінген тауарларды ҰТК-да жеңілдетілген тәртіппен тіркеуді, 2027 жылға дейін қалдық тауарларға қатысты айыппұл санкцияларын қолданбауды және импорттаушы туралы деректерді көрсету құқығын уақытша сақтауды көздейді.

«Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде мемлекеттік органдардың жұмысында нақты практикалық нәтиже беріп жатқан мәселелер туралы жиі айта бермейтінімізді атап өткім келеді. Ұлттық тауарлар каталогын енгізу – осындай мысалдардың бірі. Қоғамдық тамақтану саласы үшін бұл жеткізушілермен жұмыс істеуде ашықтықты, қадағалануды және тәртіпті арттырып, бизнес үшін тәуекелдерді азайтады. Әрине, енгізу үшін уақыт пен пысықтау қажет. Дегенмен жүйенің біртіндеп сала үшін жұмыс құралына айналып келе жатқаны маңызды. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға және ҰТК-ны дамытуға қатысып отырған барлық азаматтарға алғыс айтқым келеді», – деді қоғамдық тамақтану саласының төрайымы Вероника Даугалиева.

Талқылауға ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Атамекен» ҰКП және ҚР СИМ Тауарларды цифрлық трансформациялау және таңбалау департаментінің басшылығы қатысты.

Ағынды суларды есепке алуды метрологиялық қамтамасыз ету мәселесі бойынша «Қазақстандық тіркеу» ӨРҰ өкілі Василий Михальченко қысымсыз ортадағы өлшеулердің нақты әдістемелерінің болмауына байланысты туындайтын мәселелерге назар аударды. Бұл су пайдаланушылар мен су арнасы ұйымдары арасында қаржылық дауларға алып келеді.

Нәтижесінде ҚР Су кодексінің нормаларын өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамамен үйлестіруді, қысымсыз жүйелер үшін өлшеулерді орындау әдістемелерін (ӨӘ) әзірлеуді және сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану қағидаларын өзектендіруді қамтитын шаралар кешені әзірленді.

Талқылауға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «ҚазОрталықТКШ» АҚ, Қазақстан су қауымдастығының өкілдері және ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Бауыржан Қасымов қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1278383?lang=ru