Марат Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдады

Марат Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдады

25.08.2026 21:36:34 237

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кезекті азаматтарды жеке қабылдауын өткізді. Онда тұрғындар жарық, жер телімі, газ, кәріз жүйесі мен білім беру саласында туындаған мәселелеріне көмек беруді сұрады.

Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы Өрікті ауылының тұрғыны егістік алқабында заңды түрде тіркелмеген зират орналасқанын, соның кесірінен 400 метр жерді өз мақсатына қолдана алмай отырғанын жеткізді. «Егер зиратты жапса, кемі 50 метр жерді пайдалануға мүмкіндік туар еді», – дейді тұрғын. Ол мұнда агротуризмді дамытып, қора-жай немесе басқа да қажетті нысандарды салуды көздеуде. Бүгінде аталған ауылда зират мәселесі өзекті болып тұр, сондықтан аудан әкімдігі оны жабу қиын міндет екенін айтты.

«Зират мәселесі күрделі екені белгілі. Бірақ мұны өзгеріссіз қалдырсақ, жыл сайын кеңейе береді, кейін ауылдың тура жанына жақындайды. Сондықтан зираттың орнын ауыстыру керек. Адамдар тұра алатын немесе ауыл шаруашылығы, туризм бағытында кәдеге жаратуға болатын жерді бейіт басына айналдыру дұрыс емес», – деді Марат Елеусізұлы.

Іле ауданы Н. Тілендиев ауылының тұрғындары елді мекен маңындағы кәсіпорындар мен «Алматы Су» мекемесінің кәріз жүйелерінен шығатын иістен арыла алмай отырғандарын айтады. Тексеріс нәтижесінде оларға 13,5 млн теңге айыппұл салынған. Дегенмен бұл жұмыс ешқандай нәтиже бермей отыр. «Бұл мәселені дұрыстап зерделеп, керек болған жағдайда айыппұл мөлшерін арттыру керек. Себебі оның зардабын күн сайын халық көріп отыр. Іс қозғап, прокуратурамен бірлесіп, тезірек шешімін табу қажет», – деді аймақ басшысы.

Еңбекшіқазақ ауданы «Алтын адам» саяжайының төрағасы жарық тарифіне қатысты туындаған жайтты баяндады. Айтуынша, саяжай электр энергиясына Есік қаласындағы «Алатау Жарық» компаниясы арқылы қол жеткізіп отыр. Онда тұратын 130 отбасының 105-і электр энергиясын кооператив арқылы тұтынып, белгіленген тарифке сәйкес әр кВт-қа 42 теңге төлейді. Ал қалған 25 үйдің иелері жеке тұлғаның заңсыз әрекетіне еріп, бес жыл бойы 37 теңге көлеміндегі тарифті қолданып отыр. Нәтижесінде кооператив 1,96 млн теңге қарызға батқан. Саяжайда жер телімін рәсімдеу бойынша да қиындықтар бар. Тұрғындар соның кесірінен газ желісін тарта алмай отыр.

«Заң бәріне ортақ. Мәселені бүге-шүгесіне дейін қайта қарап, талапқа бағынбағандарды жауапқа тарту керек. Тұрғындарға полиция қызметкерлерімен бірге түсіндіру жұмысын жүргізіп, тәртіпке келтіру қажет. Бірнеше адамның кесірінен тұтас саяжай зардап шекпеуі керек. Одан бөлек, егер жерге қатысты түйткіл шешілсе, газ желісін жүргізуге мүмкіндік туады. Сонда өзге мәселелер бірден шешіледі», – деді аймақ басшысы. Жауапты мамандардың сөзінше, қазіргі таңда саяжайды елді мекенге ауыстыру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл екі ай уақытты алады. Нәтижесінде түйткілдердің түйіні тарқатылады.

«Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары мектеп оқулығына қол жеткізе алмай жатқандарын жеткізді. Қарасай ауданындағы бұл аумақта осыған дейін мектептегі орын санының жетіспеушілігі туындаған еді. Оны шешу үшін 2000 оқушыны жеке меншік мектепке әкімдік тарапынан қаржы бөліп, тегін оқыту туралы шешім қабылданған. Бірақ ол жеке мектеп болғандықтан балаларға кітап берілмейді. Марат Елеусізұлы биыл оқулықпен қамтамасыз етуге 3 млрд-тан астам қаржы бөлінгенін, сол қаражатты тиімді қолдану керегін айтты. Сондай-ақ білім басқармасына өзге мектептердегі артық кітаптарды жаңа оқу жылына дейін оқушыларға жеткізіп беруді міндеттеді.

Жеке қабылдау қорытындысында Марат Сұлтанғазиев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына халықпен тығыз жұмыс істеп, мәселелерді аяқсыз қалдырмауды жүктеді. Оларға нақты тапсырмалар беріп, әрдайым бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1279944?lang=ru