Инвестициялық салық преференциялары
26.08.2026 16:48:54 204
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инвестициялық салық преференцияларын қолданудың жаңартылған тәсілін көздейтін жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді.
Инвестициялық салық преференцияларының негізгі міндеттерінің бірі инвестицияларды жүзеге асыру, өндірістік қуаттарды жаңарту және кәсіпорындардың қызметін кеңейту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Инвестициялық салық преференциялары салық төлеушіге салық салынатын кірісті айқындау кезінде белгілі бір инвестициялық шығындарды ескеруге, сол арқылы салықтық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Инвестициялық салық преференцияларын қолдану шарттары
Инвестициялық салық преференциялары салық төлеушінің таңдауы бойынша қолданылады және преференциялар объектісінің бастапқы құнына енгізілетін шығындарды шегерімдерге жатқызудан тұрады.
Мынадай шарттардың біріне немесе одан көбіне сай келетін заңды тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының инвестициялық салықтық преференцияларды қолдануға құқығы бар:
- салық төлеуші «Астана Хаб» қатысушысы болып табылады;
- салық төлеуші АХҚО қатысушысы болып табылады;
- салық төлеуші спирттің, алкоголь өнімінің, темекі бұйымдарының барлық түрін өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асырады;
- салық төлеуші Салық кодекстінің 16-бөлімінде көзделген арнаулы салық режимін қолданады.
Бұл ретте преференциялар қолданылуы мүмкін объектілердің тізбесі кеңейтілді.
Преференциялар объектілеріне салық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін активтер, оның ішінде:
- ғимараттар;
- құрылыстар;
- машиналар;
- жабдықтар;
- бағдарламалық қамтамасыз ету жатады.
Осылайша, жаңа механизм ғимараттарға, құрылыстарға және жабдықтарға салынатын дәстүрлі күрделі салымдарды ғана емес, цифрландыруға және бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізуге байланысты шығындарды да ескеруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте активтің көрсетілген тізбеде болуы өздігінен инвестициялық салық преференциясының автоматты түрде қолданылуын білдірмейді. Мұндай активтер бақылау кезеңі ішінде Салық кодексінің 283-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға бір мезгілде сәйкес келуге тиіс.
Преференцияларды қолдану мақсатында бақылау кезеңі деп преференциялар объектісі танылған күні келетін салық кезеңінен кейінгі кемінде үш салық кезеңі түсініледі.
Преференцияларды қолдану тәртібі
Салық төлеуші инвестициялық салық преференцияларын қолдану тәртібін Салық кодексінде белгіленген қағидаларға сәйкес дербес таңдайды.
Преференциялар мынадай әдістердің бірі бойынша қолданылады:
1) объект танылғаннан кейін шегерім жасау әдісі;
2) объект танылғанға дейін шегерім жасау әдісі.
Объект танылғаннан кейін шегерім жасау әдісін қолдану преференциялар объектілерінің бастапқы құнын объект танылған күні келетін салық кезеңінде шегерімдерге жатқызуды білдіреді.
Объект танылғанға дейін шегерім жасау әдісін қолдану объектінің бастапқы құнына енгізілетін шығындарды осындай шығындар нақты жүргізілген салық кезеңінде шегерімдерге жатқызуды білдіреді.
Преференциялар объектілерінің салықтық есебі
Салықтық есепке алу мақсатында преференциялар объектілері Салық кодексінде белгіленген тәртіппен тіркелген активтерден бөлек есепке алынады.
Преференциялар объектілері преференция қолданылған әрбір объект бөлінісінде есепке алынады.
Преференциялар объектісінің бастапқы құны салық заңнамасында көзделген шығындар ескеріле отырып айқындалады.
Мұндай шығындарға, атап айтқанда, объектіні сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығыстар, сондай-ақ қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес оның құнын ұлғайтатын басқа да шығындар жатады.
Бұл ретте Салық кодексінде преференциялар объектісінің бастапқы құнына енгізілмейтін шығындардың тізбесі белгіленген.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 285-бабында инвестициялық салық преференцияларын жою жағдайлары көзделген.
Атап айтқанда, егер белгіленген кезеңде салық төлеуші преференцияларды қолдану шарттарын бұзса не Салық кодексінде көзделген мән-жайлар туындаса, тиісті салықтық салдарлар туындай отырып, преференциялар жойылуға жатады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1280434?lang=ru