Қазақстан Ұлан-Батыр қаласында өткен СОР-17 іс-шараларына белсене атсалысты

Қазақстан Ұлан-Батыр қаласында өткен СОР-17 іс-шараларына белсене атсалысты

28.08.2026 17:03:07 130

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 28 тамыз – 2026 ж. 17-28 тамыз аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қатысушы тараптардың 17 конференциясы (СОР-17) өтті.

190-нан астам елдің өкілдері жиналған алқалы жиынға Қазақстан  тарапы белсенді қатысып, табиғатты қорғау, жердің тозуының алдын алу, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін көпжақты ынтымақтастықты дамыту және осы бағытта тиімді диалог орнату жолында көптеген іс-шараларға атсалысты.

«СОР-17» алаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын ілгерілету мақсатында «Шөлейттену, жердің тозуы және құрғақшылық мәселелерін шешу жолында су саласындағы жаһандық басқару ісін нығайту» тақырыбында сайд-ивент өтті. Іс-шараға 14 спикер және 100-ден астам делегат қатысты.

Моңғолия Үкіметінің атқарушы агенттігі – Су басқармасының басшысы З.Батбаяр мен су саласындағы беделді сарапшы, доктор Д.Баасандорж Қазақстан басшысының ұсынысы өте уақытылы әрі маңызды идея екенін ерекше атап өтіп, бастамаға толық қолдау білдірді. Басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері су саласындағы көпжақты ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ, «СОР-17» аясында Қазақстанның ұйымдастыруымен «Аймақтық Экологиялық Саммиттен UNFCCC COP-31-ге дейін: Рио конвенциясы аясында жерді қалпына келтіру, биологиялық әртүрлілікті және климатқа төзімділікті ілгерілету» тақырыбына арналған сайд-ивент өтті.

«СОР-17-ге» еліміздің құзырлы органдарының лауазымды тұлғалары арнайы келіп қатысты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Н.Хатепова жоғары деңгейдегі «СОР-17» ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

ҚР Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Сейтақынов көптеген іс-шараларға қатысып, шөлейттенуге, жердің тозуына қарсы күреске және су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты Қазақстанның ұстанымдарын әлем қауымдастығына жеткізді.

Қазақстан табиғатты қорғауға бағытталған жаһандық қозғалыстың әрдайым алғы шебінде болады. Еліміз осы бағытта халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және көпжақты ынтымақтастықты дамыту жолында табанды әрі жүйелі жұмысты жалғастыра береді.      

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ulaanbaatar/press/news/details/1282083?lang=ru