Қазақстан мен KANAL-Centre Pompidou мәдени ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

Қазақстан мен KANAL-Centre Pompidou мәдени ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

31.08.2026 23:28:05 138

Брюссель, 31 тамыз 2026 жыл – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко KANAL-Centre Pompidou бас директоры Ив Гольдштейнмен және орындаушылық өнер бағытының жетекшісі Ги Гипенспен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың серпіні, заманауи өнер, сәулет және орындаушылық өнер салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Елші 2025-2026 жылдары Бельгияда өткен Қазақстанның мәдени бастамалары, соның ішінде «Shanyraq Fest Brussels», қазақстандық кино көрсетілімдері және қазақ мәдени орталықтарының қызметі туралы хабардар етті.

Тараптар KANAL-Centre Pompidou мен Алматыдағы Заманауи өнер музейі арасында тікелей институционалдық байланыстар орнатуға ерекше назар аударды. Бірлескен көрмелер, қазақстандық заманауи суретшілерді Брюссельде таныстыру, шығармашылық резиденциялар, кураторлық алмасулар, сондай-ақ театр, би, музыка және пәнаралық жобалар перспективалы бағыттар ретінде атап өтілді.

Осы тұрғыда Қазақстан тарапы Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапары аясында KANAL-Centre Pompidou мен Алматыдағы Заманауи өнер музейі арасында ынтымақтастық туралы келісімге немесе өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік сапар барысында Алматы музейінде KANAL ұсынуды жоспарлап отырған арнайы перформанстың тұжырымдамасы мен мақсаттары талқыланды.

Кездесу соңында тараптар нақты бірлескен жобаларды айқындау және Қазақстан мен Бельгияның мәдени мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Анықтама: KANAL-Centre Pompidou – Брюссельдегі бұрынғы Citroën кешенінде орналасқан, аумағы шамамен 40 мың шаршы метр болатын жаңа ірі мәдени орталық. Жоба Париждегі Centre Pompidou-мен стратегиялық әріптестікте дамытылып, заманауи өнер, сәулет және орындаушылық өнерді біріктіреді. Орталықтың ресми ашылуы 2026 жылғы 28 қарашаға жоспарланған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1283259?lang=ru