Қостанайда еліміздегі ең ірі жабық аквапарк ашылды

Қостанайда еліміздегі ең ірі жабық аквапарк ашылды

01.09.2026 19:17:56 127

Мемлекет басшысы жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың сапалы демалысын қамтамасыз етуге үнемі назар аударып келеді.

Бүгін Қостанайда еліміздегі ең ірі жабық аквапарк ашылды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов заманауи кешеннің ашылуы – тұрғындардың отбасымен бірге демалып, уақытын қызықты өткізуге жасалған игі қадам екенін айтты.

Аквапарктің жалпы аумағы екі есеге жуық ұлғайып, 9 мың шаршы метрден асты, ал су айдынының көлемі үш еседен астам артып, 1 мың шаршы метрден асты.

Мұнда бір уақытта 500 адамға дейін демала алады. Аквапаркте бес бассейн, жеті су сырғанағы, оның ішінде үлкен сырғанақ, балалар аймағы, толқынды бассейн, джакузи және фуд-корт бар.

«Аймағымызда спорттық және қоғамдық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам спорт нысаны ашылды. Қостанайда Үстел теннисі орталығының және Триатлон-парктегі көпфункционалды стадионның құрылысы аяқталуға жақын. «Астана» шағын ауданында Спорт сарайы, «Береке» шағын ауданында және Триатлон-парк маңында 2 фитнес-орталық салынады. Жекпе-жек сарайы мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған», – деді аймақ басшысы.

2022 жылдан бері 21 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Жыл сайын 1 млн-нан астам гүл егіледі. Өткен жылы 5 саябақ пен сквер ашылды.

Қала маңында экопарк құрылуда. «Береке» шағын ауданында жаңа саябақ салу жоспарда. Көркемсурет галереясы, жаңа сауда-ойын-сауық және қонақүй кешендері бой көтереді.  

«Мұндай орындар көбірек болуы керек. Мұның барлығы тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсат – жастардың Қостанайда қалып, еңбек етіп, отбасын құрып, болашағын осы жерде көруіне жағдай жасау», – деді Қостанай облысының әкімі.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1283947?lang=ru