Найробидегі БҰҰ бөлімшесінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні атап өтілді
02.09.2026 18:27:33 135
Найроби, 2026 жылғы 2 қыркүйек – Найробидегі Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшесінде Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған жоғары деңгейдегі отырыс өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы «Ядролық қаруды қолдану мен сынаудың гуманитарлық және экологиялық салдары» болып белгіленіп, ол Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орайластырылды.
Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесінің Бас директоры Зайнаб Хава Бангура, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры Ингер Андерсен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Елді мекендер жөніндегі бағдарламасының (БҰҰ-Хабитат) Атқарушы директоры Ана Клаудиа Россбах, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садыков Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық күш-жігерге қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Ол 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы тарихи таңдауы болғанын, сондай-ақ бұл шешімнің ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігердің жаңа кезеңіне бастау бергенін атап көрсетті.
Елші отырысқа қатысушылардың назарын 2026 жылғы 29 тамыздағы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына аударды. Мемлекет басшысы өз үндеуінде ядролық державалар арасында келіссөздер жүргізуге, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) мүмкіндігінше тезірек күшіне енуіне және ядролық қаруды қолдану қатерін жоюға бағытталған батыл көпжақты шаралар қабылдауға шақырды.
Бағдарламада Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына, сондай-ақ Хиросима мен Нагасакиге жасалған атом бомбалауының 81 жылдығына орай ұйымдастырылған тақырыптық фотокөрмеге ерекше орын берілді. Көрмеде ядролық сынақтардың тарихын, олардың гуманитарлық және экологиялық салдарын, сондай-ақ полигонды жабу туралы тарихи шешімді бейнелейтін фотосуреттер мен деректер ұсынылды.
Найробидегі Хиросима мен Нагасакиге жасалған атом бомбалаулары құрбандарын еске алу жөніндегі ұйымдастыру комитеті Жапонияда ядролық қарудың қолданылу тарихы мен оның зардаптарына арналған тақырыптық материалдарды ұсынды.
Қатысушыларға Семей ядролық полигонының жабылуына арналған деректі фильм көрсетілді.
Қатысушыларға Жапония азаматтары – Хиросима мен Нагасакиге жасалған атом бомбалауларынан аман қалған, хибакуся деген атпен белгілі адамдардың ядролық жарылыстардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізген жойқын зардаптары туралы жеке оқиғаларымен бөліскен онлайн-бейнежазбалары ерекше эмоциялық әсер етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1284596?lang=ru