Биыл күзде Алматыдан мыңнан астам азамат әскерге аттанады

Биыл күзде Алматыдан мыңнан астам азамат әскерге аттанады

03.09.2026 15:49:09 372

Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің шақыру пунктінде 20 азаматты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Алматы қаласы мен Алматы облысының «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің мүшелері, ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Жастарға ардагерлер мен ата-аналар ақ жол, жүректеріне жігер, бойларына мызғымас қуат тіледі.

– Бүгін біздің жігіттер азаматтық және әскери борышын өтеуге аттанып барады. Олардың әрқайсысы үшін бұл – тәртіпті, батылдықты және жауапкершілікті талап ететін өмірдің жаңа кезеңі. Олардың әскери қызметті абыроймен өткеріп, өмірлік тәжірибе жинақтап, ер-азамат болып елге оралатынына сенімдімін, – деді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Нұржан Естаев.

Салтанатты рәсім барысында жас сарбаздар мен олардың ата-аналарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Одан кейін әскери оркестрдің патриоттық шығармаларының сүйемелдеуімен әскерге шақырылушылар қызмет өткеру орнына аттанды. Алда оларды тәртіпке, жауапкершілікке және дербестікке баулитын маңызды өмір мектебі күтіп тұр.

Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны барысында Алматы қаласынан Қарулы күштерге, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық ұланға, Шекара қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне мерзімді әскери қызметке мыңнан астам азаматты жіберу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1285022?lang=ru