Қорғаныс министрінің орынбасары бірқатар гарнизондағы әскери инфрақұрылымның жай-күйін тексерді
04.09.2026 10:48:16 154
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев жұмыс сапарымен Жетісу, Үштөбе, Сарыөзек, Қонаев және Гвардейск гарнизондарына барып, әскери инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен және әскери бөлімдердегі күнделікті қызметтің ұйымдастырылуымен танысты.
Қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары салынып және қайта жаңғыртылып жатқан нысандарды, оның ішінде казарма, асханалар мен бірқатар кешендерді аралап көрді. Сондай-ақ әскери қалашықтардың абаттандырылу деңгейін тексерді.
Тексеру барысында генерал-майор Алмаз Жұмакеев құрылыс нормалары мен белгіленген талаптардың сақталуына, пайдаланылатын материалдардың сапасына, сондай-ақ жұмыстың уақтылы орындалуына баса назар аударды.
– Әскери инфрақұрылым – әскери қызметті ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі. Ол бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігіне тікелей әсер етеді. Әрбір нысан сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай болуы және белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс, – деді Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары.
Гарнизондарда генерал-майор А. Жұмакеев алдағы халықаралық оқу-жаттығуларға әскери полигондардың дайындығын тексерді. Ол полигондардың материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейін, қажетті инфрақұрылымның болуын және оқу орындарының жай-күйін зерделеді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары анықталған кемшіліктерді жоюды, жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ заманауи талаптарды ескере отырып, казармалар мен асханаларды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Генерал-майор А. Жұмакеев әскери инфрақұрылым нысандарын қайта жаңғырту және жөндеу кезінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, атқарылатын жұмыстардың сапасы және күнделікті қызметке қолайлы жағдай жасау басты назарда болуы керектігін атап өтті.
Сондай-ақ ол әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын одан әрі жақсартуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1285641?lang=ru