Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін оның дебиторларының шоттарындағы ақша қаражаты есебінен өндіріп алу
04.09.2026 16:01:45 178
Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың заңнамада көзделген тетіктерінің бірі – салық төлеушінің (салық агентінің) берешегін оның дебиторларының банктік шоттарындағы ақша қаражаты есебінен өндіріп алу.
Салық төлеуші салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына өзінің дебиторларының тізімін, сондай-ақ дебиторлық берешек сомасын көрсете отырып ұсынуға міндетті.
Бұл ретте мемлекеттік кірістер органы ақпараттық жүйелердің деректерін пайдалана отырып, дебиторларды өз бетінше анықтауға, сондай-ақ тексеру барысында салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды белгілеуге құқылы. Қажет болған жағдайда дебиторға қарсы тексеру жүргізілуі мүмкін.
Маңызды жайт – сот тәртібімен дауланып жатқан дебиторлық берешек сомалары мемлекеттік кірістер органымен расталмайды.
Дебиторлық берешек туралы мәліметтер анықталғаннан кейін дебиторға оны растау туралы хабарлама жіберіледі. Хабарламаны алған күннен кейінгі күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде дебитор өзара есеп айырысуларды салыстыру актісін және (немесе) берешекті растайтын құжаттарды ұсынады.
Дебитор салық төлеушінің салықтық берешегін өтеу есебіне берешек сомасын өзінің банктік шотынан есептен шығаруға келісім берген жағдайда, ол мемлекеттік кірістер органына тиісті банктік шоты туралы мәліметтерді ұсынады. Бұл жағдайда салыстыру актісін ұсыну талап етілмейді. Мемлекеттік кірістер органы көрсетілген банктік шотқа инкассалық өкім шығарады.
Егер бір күн ішінде көрсетілген шоттағы ақша қаражаты жеткіліксіз болса немесе мүлдем болмаса, инкассалық өкім осы дебитордың барлық банктік шоттарына қойылады.
Дебитор берешекті растамаған немесе белгіленген мерзімде қажетті құжаттарды ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кірістер органы 1 жұмыс күні ішінде оның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды. Одан әрі дебиторға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
Дебиторлық берешек сомасы расталғаннан кейін мемлекеттік кірістер органы дебитордың банктік шотына салықтық берешек сомасы шегінде инкассолық өкім қояды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1285959?lang=ru