Қазақстан тәуелсіз панда-облигациялардың екінші шығарылымын табысты орналастырды
07.09.2026 20:29:24 445
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қытай қор нарығына жалпы сомасы 6,6 млрд юань болатын тәуелсіз (егеменді) панда-облигациялардың екінші шығарылымын сәтті орналастырды.
Панда-облигациялар екі траншпен, атап айтқанда 1.82% жылдық мөлшерлемесіне сәйкес 5 млрд юань көлемінде 3 жылдық облигациялар және 1.95% жылдық мөлшерлемесі бойынша 1,6 млрд юань көлемінде 5 жылдық облигациялар шығарылды.
Қазақстан қытай нарығында аса жоғары кредиттік рейтингтері бар «А» санатындағы елдермен пара-пар шарттармен қаржыландыруды тарта білді. Инвесторлардың жоғары қызығушылығы елімізде жүргізіліп жатқан экономиканы әртараптандыру мен орнықты дамуды арттыруға бағытталған ауқымды реформалардың оң бағасын байқатып отыр.
Бағалы қағаздардың шығарылымы S&P рейтинг агенттігінің Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Тұрақты» болжамға сәйкес «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне дейін көтерген соң орындалғанын айта кетейік. Бұл экономикалық өсімнің орнықты перспективалары мен мемлекеттік борыштың ІЖӨ-ге шаққанда 20,9% төмен екенін көрсетті. Осы ретте сыртқы мемлекеттік қарыз ІЖӨ-ге шаққанда 4,5% мөлшерінде екенін ескерсек, бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі екенін айта кеткен орынды.
Аталған шығарылым Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту аясында өтті. Екі ел көшбасшылары ұстанған жүйелі саяси-экономикалық бағыт жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдетуге, оның ішінде сауда-инвестициялық және қаржы салаларындағы байланысқа оң әсер етіп келеді. Қазақстандық эмитенттердің Қытай нарығына шығуы осы жолдың айқын дәлелі.
Еліміздің халықаралық капитал нарықтарына қатысуын бірізді дамыту қаржыландыру көздерін кеңейтіп, займ портфелін әртараптандыруға және инвесторлардың алуан түрлі топтарына орнықты қолжетімділікті қалыптастыруға септігін тигізеді. ҚР Қаржы министрлігі әрмен қарай нарықтағы конъюнктураны және мемлекеттік қарызды тиімді басқару міндеттерін ескере отырып, мемлекеттік займ бағытында теңгерімді тәсілді ұстанатын болады. Үш және бесжылдық транштарды орналастыру Қазақстанның Қытай юаньдарындағы егеменді табысының ауытқуын одан әрі реттеуге әсер етіп, отандық квазимемлекеттік және корпоративті эмитенттердің кейінгі шығарылымдарына жол ашады.
Осы орайда жоғарыда аталған шығарылымның басты ұйымдастырушысы China International Capital Corporation Limited (CICC) болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ бірлескен негізгі ұйымдастырушылардың қатарында China Construction Bank Limited (CCB), Chustrial and Commercial Bank of China Limited (ICBC), the Export-Import Bank of China және Bank of China Limited (BOC) бар. Мәміленің жергілікті менеджері Teniz Capital Investment Banking АҚ болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1287189?lang=ru