Биыл Алматы облысында 510 шақырым жол жөнделеді
08.09.2026 16:43:35 268
Алматы облысында автомобиль жолдарын жөндеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биыл ұзындығы елу шақырым болатын облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Оған 16,6 млрд теңге қаржы бөлінген.
Атап айтқанда, «Есік–Саймасай (Александровка)» автожолының 11,8 шақырымында асфальтбетон жабыны толық төселіп, жұмыстардың 95%-ы орындалды. Ал, «Алмалыбақ (Киз)–Жетісу» автожолының 18,1 шақырымындағы жөндеу жұмыстары 70%-ға аяқталды. Сондай-ақ “Алматы-1 – Шамалған станциясы – Ұзынағаш” автожолының 19,5 шақырымында жұмыстар 65%-ға орындалды.
Бұдан бөлек Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, нысан пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 551,5 млн теңге.
Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы «Приканальная БАК» автомобиль жолының 54,8 шақырымында орналасқан Түрген өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Су шайып кеткен өткелді қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 23,4 шақырым болатын 6 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 3 нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Жолдарды күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарға 6 мердігер ұйым, 151 арнайы техника және 164 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Бүгінде облыстық маңызы бар жолдарда 800 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 65 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 480 жол белгісі, 2,5 шақырым темір қоршау және 42 автобус аялдамасы орнатылды.
Аудандық деңгейдегі көше-жол желісін дамыту бойынша биыл 142 жоба іске асырылуда. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 666 шақырым жолды қамтитын жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 510,6 шақырымды 2026 жылы аяқтау, ал 155,4 шақырымды 2027 жылға өтпелі жоба ретінде іске асыру көзделген.
Қазіргі уақытта биылға жоспарланған жұмыс көлемінің 63%-ы немесе 322,4 шақырымы жол жөнделді.
Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары облыстың барлық аумағында жалғасуда. Атап айтқанда, Қарасай ауданында жұмыстардың орындалу деңгейі 78%, Іле ауданында 77%, Жамбыл ауданында 75%, Еңбекшіқазақ ауданында 70%-ды құрайды.
Сонымен қатар, Іле ауданындағы «Боралдай–Шіліккемер» автомобиль жолының екі учаскесінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның орындалу деңгейі 70%, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын жаңарту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1287736?lang=ru