Алматы облысында жалақысы 1 250 000 теңгеге дейін жететін бос жұмыс орындары бар

Алматы облысында жалақысы 1 250 000 теңгеге дейін жететін бос жұмыс орындары бар

08.09.2026 17:42:33 136

Алматы облысында білікті мамандарға 1,25 млн теңгеге дейінгі жоғары жалақы ұсынылуда. Өңірдегі Электрондық еңбек биржасында басшылық қызметтерден бастап техникалық мамандықтарға дейін мыңдаған бос жұмыс орны бар.

Өңірде білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Себебі жаңа өндіріс ошақтары ашылып, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салалар қарқынды дамуда. Тиісінше еңбек нарығында маман тапшылығы сезіле бастаған. Сондықтан кейбір жұмыс берушілер жоғары жалақы ұсынып, мықты мамандарды іздестіруде.

Мәселен, облыстағы мекемелердің бірі заң бөлімінің басшысы лауазымына 1,25 млн теңге жалақы төлеуге дайын.
Сонымен қатар өзге де кәсіпорындардағы бірқатар басшылық және жоғары білікті мамандар үшін жалақы 1 млн теңгеге дейін жетеді. Олардың қатарында бас бухгалтер, бөлім басшысы, бас механик және жоба бойынша бас технолог бар.

Медицина саласында жалпы хирург дәрігеріне 950 мың теңгеге дейін, бас дәрігер немесе мекеме басшысына 877 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылады.

Техникалық мамандықтар бойынша да жалақы деңгейі жоғары. Бас инженер, геодезист, тиегіш машиналардың машинисі, жинақтаушы және қойма меңгерушісі сияқты мамандарға 600–700 мың теңге көлемінде жалақы ұсынылады.

Мамандар алдағы бес жылда облысқа 21 мыңнан астам маман қажет дейді. Еңбек нарығына жүргізілген мониторинг барысында өңірде кадрларға деген сұраныстың тұрақты екені байқалған.

Атап айтқанда, 2026 жылы – 4 792 маман, 2027 жылы – 4 723, 2028 жылы – 4 793, 2029 жылы – 4 245, 2030 жылы – 3 790, ал 2031 жылы – 3 856 маман қажет болады.

2026 жылы мамандарға деген ең жоғары сұраныс құрылыс саласында қалыптасып отыр. Бұл бағытта 661 маман қажет. Ауыл шаруашылығында – 557, өнеркәсіп пен өндірісте – 333, көлік және логистика саласында – 246, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетикада 157 маманға сұраныс бар.

Еңбек нарығындағы сұранысты Электрондық еңбек биржасындағы көрсеткіштер де растайды. Мәселен, Enbek.kz платформасында Алматы облысы бойынша 2 637 хабарландыру жарияланып, 5 115 бос жұмыс орны ұсынылған. (Enbek.kz⁠)

Бос жұмыс орындарының ең көп бөлігі білім беру саласына тиесілі – 1 238 орын. Өндірісте – 472, ауыл шаруашылығында – 240, денсаулық сақтау саласында – 192, құрылыста – 175, көлік және логистикада 170 бос жұмыс орны бар.

Сондай-ақ сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және энергетика салаларында да мамандарға сұраныс өте жоғары.
Ресми статистика бойынша, 2026 жылдың I тоқсанында Алматы облысында орташа айлық 376 012 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға жоғары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1287849?lang=ru