Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» 11-саммитінде жаңа сауда дәліздерін дамыту жөніндегі өз көзқарасын таныстырды

Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» 11-саммитінде жаңа сауда дәліздерін дамыту жөніндегі өз көзқарасын таныстырды

10.09.2026 11:01:12 72

2026 жыл 9 қыркүйек, Гонконг. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев Гонконгте өткен «Бір белдеу, бір жол» 11-саммитіне қатысты. Саммит сауда, инвестиция және көлік байланысын дамыту мәселелері талқыланатын халықаралық маңызды алаңдардың бірі.

Саммит аясында Сауда және интеграция министрі «Building Resilient Trade and Investment Frameworks in a Diverse Global Landscape» атты жоғары деңгейдегі Policy Dialogue сессиясында сөз сөйлеп, әлемдік экономиканың өзгеруі жағдайында тұрақты сауда және инвестициялық байланыстарды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Арман Шаккалиев «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Қазақстан үшін тарихи маңызына ерекше тоқталды. 2013 жылы дәл Астана қаласында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Жібек жолының экономикалық белдеуін құру идеясын ұсынған болатын.

Министрдің айтуынша, бүгінде бұл бастама дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатыр. Енді физикалық инфрақұрылыммен қатар цифрлық байланыс, трансшекаралық деректер алмасу және өзара үйлесімді цифрлық платформалардың маңызы артып келеді.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 32,4 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға өсті.

Гонконгпен саудада да оң динамика байқалады. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 250,6 млн АҚШ долларын құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге артты.

Саммитте Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне де ерекше назар аударылды. Ел теміржол және автомобиль инфрақұрылымын, шекаралық өткізу бекеттерін, логистикалық орталықтарды және Транскаспий халықаралық көлік бағытын – Орта дәлізді жүйелі түрде дамытып келеді.

Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы өтетін теміржол жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Арман Шаккалиев атап өткендей, Қазақстанның мақсаты – транзит көлемін арттырумен ғана шектелмей, жаңа өндірістер мен инвестицияларға, сондай-ақ өңірлік жеткізу тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін толыққанды экономикалық дәліз құру.

Осы ретте «қатты» және «жұмсақ» инфрақұрылымды қатар дамытуға басымдық беріліп отыр. Яғни көлік нысандарын дамыту цифрлық рәсімдерді енгізумен, стандарттарды үйлестірумен, кедендік және логистикалық процестерді жеңілдетумен қатар жүреді.

Қазақстан сондай-ақ шетелдегі терминалдар желісін кеңейтіп, жүктерді рәсімдеу мен олардың қозғалысын бақылауды жеделдететін цифрлық шешімдерді енгізуде.

Министр Гонконгпен ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор екенін атап өтті. Гонконг – әлемдегі жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі. Оның қаржылық тәжірибесін, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін және Орталық Азияның өсіп келе жатқан нарығын біріктіру бірлескен жаңа жобаларды іске қосуға негіз бола алады.

Жұмыс сапары аясында Арман Шаккалиев Гонконгтің Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен де кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқынын атап өтіп, Джон Лидің биыл маусым айында Қазақстанға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелерін талқылады.

Гонконг әкімшілігінің басшысы Қазақстан басшылығына жылы лебізін жеткізіп, бірлескен бастамаларды одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Арман Шаккалиев Қазақстан мен Гонконгтің бірін-бірі толықтыратын артықшылықтары бар екенін атап өтті. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық буын ретіндегі орнын нығайтып келеді. Ал Гонконг қаржы, инвестиция, басқару және кәсіби сараптама салаларындағы мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

Кездесу барысында көлік және логистика, өнеркәсіп, тау-кен секторы, қаржы, цифрландыру және инвестиция салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.

Министр Қазақстандағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы айтып, жаңа бағыттарды қалыптастыру тек транзит көлемін арттырумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріс өнеркәсіптік кооперацияны дамытумен қатар жүруі тиіс.

Қазақстан шетелдік серіктестердің қатысуымен жаңа өндірістер ашуға және өңірлік өндірістік-өткізу тізбектерін қалыптастыруға мүдделі.

Өз кезегінде Джон Ли Гонконгтің нарықтарды байланыстыратын буын ғана емес, ірі жобаларды іске асыру кезінде инвесторларды, қаржы институттарын, технологиялық және кәсіби компанияларды біріктіретін кешенді серіктес бола алатынын атап өтті.

Гонконг тарапы қазақстандық жобалар мен әлеуетті инвесторлар арасында тікелей байланыс орнатуға, оның ішінде тау-кен және өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін компанияларды тартуға дайын екенін білдірді.

Кездесуде қаржылық ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді. Тараптар Гонконг капиталын қазақстандық жобаларға тарту, қаржы институттарының өзара іс-қимылы, жаңа қаржы құралдарын дамыту және шикізат тауарлары саудасы саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Арман Шаккалиев «Қазақстан және Орталық Азия – Қытайдың құрлықтық бөлігі – Гонконг» форматындағы өзіндік үшжақты ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Бұл ретте Қазақстанның инфрақұрылымдық және ресурстық әлеуетін Қытайдың өндірістік мүмкіндіктерімен және Гонконгтің қаржылық әрі басқарушылық тәжірибесімен біріктіру көзделеді.

Джон Ли бұл тәсілді қолдап, Қазақстанды Гонконг компанияларының Орталық Азия нарығына шығуы үшін ең перспективалы бағыттардың бірі ретінде атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша нақты жобаларды бірлесіп пысықтауды жалғастыру және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде ілгерілету туралы келісімге қол жеткізілді.

Жұмыс сапарының қорытынды бөлімінде Арман Шаккалиев Гонконг пен Қытайдың құрлықтық бөлігіндегі компанияларды бірлескен жобаларды іске асыру және Орталық Азия нарығына шығу үшін Қазақстанның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.

«Қазақстан серіктестікке ашық және бірлескен іс-қимылға дайын. Біздің міндетіміз – Еуразиядағы көлік байланысының артып келе жатқан мүмкіндіктерін жаңа өндірістерге, инвестицияларға және тұрақты сауда байланыстарына айналдыру», – деді Министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1288947?lang=ru