2025 жылға салықтық шегерімдерді растау үшін 270.00 нысанын тапсыру қажет пе?
11.09.2026 12:39:26 253
2025 жылы жеке тұлғалар жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша бірқатар салықтық шегерімдерді қолдана алды. Олардың қатарына:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша шегерім;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары бойынша шегерім;
- әлеуметтік аударымдар бойынша шегерім;
- стандартты шегерім (ай сайын 14 АЕК);
- азаматтардың жекелеген санаттарына арналған 882 АЕК мөлшеріндегі шегерім;
- көпбалалы отбасыларға арналған шегерім;
- өзге де салықтық шегерімдер:
- ерікті зейнетақы жарналары бойынша;
- медицинаға жұмсалған шығыстар бойынша;
- оқуға жұмсалған шығыстар бойынша;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларға қатысты шегерімдер жатады.
2025 жылы өзге де салықтық шегерімдерді жеке тұлғалар дербес қолданды. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкердің өтініші негізінде растаушы құжаттарды талап етпей, осындай шегерімдердің алдын ала сомасын есепке ала алды.
Өзге де салықтық шегерімдер тек ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақылармен шектелмейді. Оларға сондай-ақ медицинаға, білім алуға жұмсалған шығыстар және ерікті зейнетақы жарналары бойынша шегерімдер де кіреді.
Егер қызметкер 2025 жылы жұмыс берушіге өзге де салықтық шегерімдердің алдын ала сомасын қолдану туралы өтініш берген болса, ол 2025 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысаны) өз бетінше тапсыруға міндетті.
Жұмыс беруші қызметкердің орнына декларация тапсырмайды және оның атынан салықтық шегерімдерді растамайды.
Салықтық шегерімдерді растайтын құжаттарды сақтау қажет. Олар салық органдары жүргізетін тексерулер кезінде талап етілуі мүмкін.
Қорытынды
Егер сіз 2025 жылы жұмыс беруші арқылы өзге де салықтық шегерімдерді (медицина, оқу, ерікті зейнетақы жарналары немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сыйақылар) қолданған болсаңыз, 2025 жылға арналған 270.00 нысанын өзіңіз тапсыруыңыз қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1289936?lang=ru