Жапонияның Қарусыздану және технологиялар орталығы Қазақстанмен жаһандық қауіпсіздік саласында ынтымақтастыққа дайын

Жапонияның Қарусыздану және технологиялар орталығы Қазақстанмен жаһандық қауіпсіздік саласында ынтымақтастыққа дайын

11.09.2026 15:51:03 215

Токио, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның Қарусыздану, ғылым және технологиялар орталығының (CDAST) Директоры Нобумаса Акиямамен кездесу өткізді.

Н. Акияма ядролық қарудан азат әлем құруға ықпал ету мақсатында екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Орталықтың ядролық қарусыздану және таратпау мәселелеріне арналған жыл сайынғы Хирошима баяндамасын (Hiroshima Report) дайындауға белсенді қатысатынына назар аударды. Бұл тұрғыда Қазақстан дәстүрлі түрде жапондық рейтингте ядролық қауіпсіздіктің негізгі аспектілері бойынша жоғары орындарға ие болып келеді.

Елші Е. Баударбек-Қожатаев ағымдағы жылы атап өтілетін мерейтойлық даталардың – Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығының және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 20 жылдығының ерекше маңыздылығын атап өтті. Жапон тарапына Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрі мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысының тиісті мәлімдемелері таныстырылды.

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (БҚХА) құру жөніндегі бастамасын талқылау барысында Н. Акияма халықаралық қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға және биологиялық сын-қатерлерге, оның ішінде жаңа пандемияларға қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұжымдық күш-жігердің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар тараптар қарусыздану, таратпау, халықаралық гуманитарлық құқық, жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану салаларындағы екіжақты және түрлі халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады.

Тараптар Хирошима, Нагасаки және Семей қалалары арасындағы қалыптасқан байланыстардың маңыздылығына назар аударып, ядролық сынақтардың адамдар мен қоршаған ортаға әсер ету салдарымен айналысатын екі елдің ғылыми-зерттеу орталықтары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы алмасуларды кеңейту қажеттілігімен келісті.

Анықтама үшін: Жапонияның Қарусыздану, ғылым және технологиялар орталығы (CDAST) 1996 жылы құрылған. Орталық қарусыздану, таратпау және жаһандық қауіпсіздік салаларында зерттеулер жүргізеді, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) іске асыру тетіктерін әзірлеуге жәрдемдеседі, кәсіби кадрлар даярлауды және халықаралық алмасу бағдарламаларын іске асырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1290163?lang=ru