Қостанайда әскери қызметшілер майдангер Қасымхан Алдабергеновті құттықтады
11.09.2026 19:54:03 151
11 қыркүйекте Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенов 101 жасқа толды. Майдангерді туған күнімен Қостанай облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері құттықтады.
Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшілер Қасымхан Алдабергеновке құттықтау хатын табыстап, оның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесіне, тарихи жадыны сақтауға және жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге сіңірген еңбегіне алғыс білдірді.
– Сіз соғыстың ауыр сынақтарынан өтіп, ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеттіңіз. Сіздің өмір жолыңыз – табандылықтың, батылдықтың және Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жан тыныштығын, амандық-саулық, туған-туыстарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілейміз, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары полковник Тимур Сәтбаев.
Қасымхан Алдабергенов 1925 жылдың 11 қыркүйегінде Қостанай облысы Қамысты ауданының Талдысай ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Жітіқара аудандық әскери комиссариаты арқылы қызыл әскер қатарына шақырылды. 1944 жылы Златоустовский пулеметшілер училищесін тәмамдап, майданға аттанды. Венгрия, Австрия және Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысты. Көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін ардагер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Қасымхан Алдабергенов 1950 жылы соғыстан елге оралды. Мектепте мұғалім болып еңбек етті. Ал 1971 жылдан бастап облыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Өз кезегінде ардагер әскери қызметшілерге көңіл бөліп, жылы лебіздерін білдіргендері үшін алғысын айтты. Ардагер соғыс жылдарындағы естеліктерін әңгімелеп, әскери қызметшілерге зор денсаулық, бейбіт аспан және қызметтеріне табыс тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1290559?lang=ru