Жергілікті әскери басқару органдарына – 35 жыл

Жергілікті әскери басқару органдарына – 35 жыл

12.09.2026 10:36:01 136

Жергілікті әскери басқару органдарының кәсіби мерекесінің тарихы 1991 жылғы 12 қыркүйектен басталады. Дәл осы күні Әскери комиссариатқа республикалық орган мәртебесін берген Президент Жарлығы күшіне еніп, оның қарамағына барлық облыстық бөлімшелер берілді.

Жергілікті әскери басқару органдарының қызметі ауқымды міндеттерді қамтиды. Олар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілердің есебін жүргізеді, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мен жөнелтуді ұйымдастырады, сондай-ақ дайындалған жұмылдыру резервін қалыптастыруға қатысады.

Мәселен, жергілікті әскери басқару органдары запастағы әскери қызметшілерді хабардар ету, жинау және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне жөнелту жұмыстарын ұйымдастырды. Онда 25 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында әскери міндеттілердің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Іс-шаралар әскери даярлықтан өткен резервті қайта даярлауға, білімдерін жаңартуға және әскери-есептік мамандығы бойынша дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті «Smart военкомат» жобасының негізгі бағыттары бойынша жұмысты күшейтті. Оның басты элементі – мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық ресурсымен ықпалдастырылған әскери есепті жүргізудің бірыңғай цифрлық жүйесі.

Азаматтардың әскери қызметке қатысты барлық қажетті мәліметтері Egov, Mgov ресурстарындағы және Kaspi Bank қосымшасындағы «жеке кабинетте» көрсетіледі. Сондай-ақ 17 жастағы ер азаматтарды жергілікті әскери басқару органдарына проактивті түрде тіркеу жүйесі енгізілді. Әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру рәсімі де цифрлық форматқа көшірілді.

Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату автоматты түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар ішкі көші-қон кезінде азаматтың тіркелген жері бойынша жергілікті әскери басқару органына тіркелуі де автоматтандырылған.

Азаматтардың әскери қызмет өткергені туралы мәліметтері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілуі әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы рәсімдеу үшін анықтама алуға жүгіну қажеттілігін жойды.

Әскери қызметті өткерген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер қарастырылған. Ал мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздарға несие демалысы автоматты түрде беріледі.

Биыл күзде әскери қызметшілерді ынталандыру жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі. Қарулы күштерде Sarbaz + пилоттық жобасы іске қосылады. Әрбір әскери қызметшінің жеке цифрлық профилі болады. Онда оның қызмет нәтижелері, жетістіктері мен жеке рейтингі көрсетіледі.

35 жыл ішінде жергілікті әскери басқару органдары азаматтар, мемлекет және Қарулы күштер арасындағы өзара тиімді байланысты қамтамасыз ететін заманауи институт ретінде қалыптасты. Олар еліміздің қорғаныс қабілеті мен қазіргі сын-қатерлерге дайындық деңгейін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1290604?lang=ru