Қазақстанның экожүйелерді қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қызметі ЮНЕП отырысы аясында таныстырылды
14.09.2026 14:36:55 189
Найроби, 2026 жылғы 9 қыркүйек. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) жанындағы Тұрақты өкілдер комитеті кіші комитетінің 13-ші жыл сайынғы отырысы аясында Найроби қаласында экожүйелерді, жер және су ресурстарын қалпына келтіру мәселелеріне арналған тақырыптық іс-шара (Side Event) өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Найроби қаласындағы БҰҰ-ның Бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов, сондай-ақ Altyn Dala Conservation Initiative өкілдері Вера Воронова мен Марина Кошкина (Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) қатысты.
Өз сөзінде Елші Қазақстанның Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі тәжірибесін таныстырып, халықаралық ынтымақтастықтың, су ресурстарын ұтымды басқарудың және заманауи технологияларды қолданудың маңыздылығына тоқталды. Кешенді шараларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Аралдың су көлемін ұлғайтуға және өңірдегі балық шаруашылығы мен экожүйелерді қалпына келтіруге жағдай жасалғаны атап өтілді.
Altyn Dala Conservation Initiative өкілдері Қазақстанның дала экожүйелерін қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Бастама аясында табиғи аумақтарды қорғау және сирек кездесетін жануарлар түрлерінің, оның ішінде ақбөкен мен Пржевальский жылқысы популяцияларын қалпына келтіру бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда.
Іс-шараға қатысушылар жаһандық экологиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық әріптестіктің, ғылыми негізделген шешімдердің және экожүйелерді кешенді қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты даму салаларында практикалық шешімдерді ілгерілету мақсатында ЮНЕП-пен, БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен және халықаралық әріптестермен сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға дайын екенін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1291104?lang=ru