Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты

Оралда Қорғаныс министрлігінің патриоттық акциясына 2 мыңға жуық адам қатысты

15.09.2026 12:21:39 158

Батыс Қазақстан облысында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы жастардың бойында патриотизм сезімін қалыптастыруға, әскери қызметке және елдің тарихи мұрасына деген құрметті арттыруға бағытталған тақырыптық кездесулер өткізіп жатыр.
Орал қаласында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар, Әскери білім және ғылым департаменттерінің өкілдері облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына, сондай-ақ №47 және №19 білім беру мектептеріне барып, оқушыларға Ерлік сабақтарын өткізді.
«Сити центр» сауда-ойын-сауық орталығында Қарулы күштердің Орталық ансамблі оралдықтарға концерттік бағдарлама көрсетті. Сауда орталығына келушілер әскери қызмет туралы және Отан қорғаушыларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жөнінде де ақпарат алды.
«Біртұтас ел – біртұтас жер» атты ауқымды акция «Атамекен» мәдениет сарайында өтіп, оған жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қатысты.
Облыс орталығының тұрғындарына заманауи қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер еліміздің әскери тарихы мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған Әскери-тарихи музей экспозициясымен де танысты.
Кездесу барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысушыларға әскерге шақыру тәртібі, мерзімді әскери қызметті өткеру, еліміздің әскери оқу орындарына түсу шарттары және кандидаттарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Мектеп оқушылары іс-шараға белсенді қатысып, әскери қызметшілерге сұрақтар қойып, әскери мамандықтардың ерекшеліктеріне қызығушылық танытты.
Акция аясында Сырым ауданы Аралтөбе ауылының жас тұрғыны марапатталды. Ол биыл қыста өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, өртеніп жатқан үйден кішкентай екі бауырын алып шыққан. Бейбіт күннің батырына Қорғаныс министрлігінің өкілі алғыс хат пен бағалы сыйлықтар, велосипед табыс етті.
Іс-шара соңы Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Алдағы күндері Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Ақсай және Теректі қалаларында кездесулер өткізетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1291833?lang=ru