Қазақстандық дзюдошылар «Hungary Grand Slam 2026» халықаралық турниріне қатысты
15.09.2026 12:37:54 186
Будапешт, 2026 жылғы 14 қыркүйек - Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрамасы 11–13 қыркүйек аралығында Мажарстан астанасында өткен «Hungary Grand Slam 2026» халықаралық турниріне қатысты.
Жарысқа әлемнің 67 елінен 504 спортшы қатысты. Ласло Папп атындағы спорт аренасында ерлер мен әйелдер арасында жеті-жетіден, жалпы 14 салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынды. «Hungary Grand Slam» турнирі Халықаралық дзюдо федерациясының («IJF») ресми күнтізбесіне енгізілген және «IJF World Judo Tour» әлемдік турының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.
Аталған турнирде Қазақстан намысын 12 дзюдошы қорғады, олардың ішінде 10 ер және 2 әйел спортшы бар. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анель Бақытбекқызы ұлттық құрама мүшелерімен кездесіп, спортшыларға алдағы уақытта зор табыс пен халықаралық аренада жаңа жетістіктер тіледі.
Турнир алаңында Елші Халықаралық дзюдо федерациясының Президенті Мариус Визермен және Халықаралық дзюдо федерациясы («IJF») Президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсеновпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, дзюдо спортын кеңінен насихаттау, жаттықтырушылар мен төрешілер құрамын даярлау, сондай-ақ елімізде ірі халықаралық жарыстар өткізу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Астанада 2027 жылы өтетін дзюдодан әлем чемпионатына дайындық мәселелері жеке қаралды. Қазақстан алғаш рет ересектер арасындағы жеке және командалық біріншіліктер бойынша әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл беделді дода әлемнің ең мықты дзюдошыларын жинап, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына апарар олимпиадалық циклдің маңызды кезеңдерінің біріне айналады.
Сонымен қатар, Астанада халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлауға бағытталған өңірлік алаң ретінде «IJF» академиясын ашу перспективалары талқыланды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанда дзюдо спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде бұл спорт түрімен 160 мыңнан астам ересек пен бала айналысады. «Мектептегі дзюдо» бағдарламасы іске асырылып, дзюдоның жоғары және әскери білім беру жүйесіндегі орны кеңейіп келеді. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Кездесу соңында Елші Қазақстанның Халықаралық дзюдо федерациясымен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және бұқаралық әрі кәсіби спортты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.
Анықтама: 2023 жылдан бастап Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енгізілген «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық рейтингтік турнирі өткізіліп келеді.
2027 жылы Қазақстан бірқатар ірі халықаралық спорт жарыстарын қабылдайды. Олардың қатарында бокс, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо және киберспорт бойынша әлем чемпионаттары, сондай-ақ шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1291859?lang=ru