Маңғыстаудағы «Оймаша» полигонында теңіз жаяу әскерлері штаттық атыс жүргізді
15.09.2026 16:56:13 188
«Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк экипаждары жауынгерлік машиналардың штаттық қаруынан атыс жүргізді.
Бақылау атысы барысында танк экипаждары штаттық оқ-дәрілерді қолдана отырып, арнайы жаттығуларды орындады. Әскери қызметшілер 1600 метр қашықтықтан шартты танкілерге, 900 метрге дейінгі қашықтықтан қол гранатаатқыштары мен автокөлікке орнатылған зеңбірекке, сондай-ақ 700 метр қашықтықтан қол гранатаатқышына оқ атты.
Танк экипаждары танкке оқ-дәрі жиынтығын орналастыру, бөлімше мен жауынгерлік машинаның қару-жарағын жорықтық жағдайдан ұрыс жағдайына және кері ауыстыру бойынша нормативтерді де орындады. Экипаждардың өзара үйлесімді қимылына, нормативтерді орындау жылдамдығына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінді.
– Десантшы секірмесе, оны десантшы деп санамайды. Сүңгуір суға түспесе, ол сүңгуір емес. Бізде де, танкистерде, дәл солай. Әскери қызметші атыста штаттық оқ атпаса, өзін нағыз танкистпін деп айта алмайды. Сондықтан бүгінгі штаттық атыс біз үшін танкистер қатарына қабылданудың өзіндік бір рәсімі, – деді танк батальонының командирі капитан Әсет Саламат.
Атыс қорытындысы бойынша капитан Сунатулла Раджапов басқаратын 2-танк ротасының нәтижесі ерекше атап өтілді. Рота экипаждары кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін, қимылдарының дәлдігі мен үйлесімділігін көрсетті. Олар белгіленген нормативтерді жедел орындап, барлық нысаналарды дәл жойды. Ерекше көзге түскен мерзімді әскери қызметшілер қол сағаттарымен марапатталды.
Танк бөлімшелерінің әскери қызметшілері үшін Танкшілер күні – кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар Отан алдындағы әскери борышына адалдығын, шеберлігі мен жүктелген міндеттерді орындауға әзірлігін тағы бір мәрте дәлелдейтін мүмкіндік.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1292120?lang=ru