Танк тізгіндеген 22 жыл: әскери кафедра курсанттары ардагермен кездесті

Танк тізгіндеген 22 жыл: әскери кафедра курсанттары ардагермен кездесті

15.09.2026 19:06:32 224

Танкистер күніне орай Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Геннадий Носоновскийдің шаңырағына барып, тағылымды кездесу өткізді.

Ташкент жоғары танк командалық училищесінің түлегі Геннадий Носоновский әскерге қырық жылдан астам ғұмырын арнаған. Соның 22 жылын, ардагердің өз сөзімен айтқанда, «сауыт ішінде» өткізген. Әскери қызметін Бас штаб бастығының орынбасары лауазымынан аяқтап, запасқа шыққан. Кейін қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде сауытты техникаларды жөндеу және жаңғырту бағытында еңбек етті.

Ардагерді атаулы мерекемен Қазақ технология және бизнес университеті әскери кафедрасы басшылығының атынан полковник Ғани Лесов құттықтады. Оған ел алдындағы мінсіз қызметі, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға және өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірілді.

Геннадий Владимирович студенттерге өзінің әскери жолы, Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдері және Отан қорғаушысына тән қасиеттер жайында айтып берді. Жастар да ардагердің айтқан естелік әңгімелерін қызыға тыңдады.

Болашақ запастағы офицерлер мен сержанттар үшін бұл кездесу табандылық, тәртіп және әскери борышқа адалдық туралы тағылымды сабақ болды. Студенттер ардагерге сұрақтар қойып, ашық әрі мазмұнды пікір алмасты.

Кездесудің ерекше жылы сәті студенттер Аяулым Кеңесова мен Камила Юсупованың көрсеткен өнері болды. Қыздар Геннадий Носоновскийдің өз қаламынан шыққан өлеңдерін оқыды. Поэзия жолдары ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жастарға Отанға деген сүйіспеншілікті, әскери қызмет пен оны абыроймен жүріп өткен жолды құрметтеу сезімін жеткізді.

Кездесу соңында Геннадий Владимирович студенттерге өмірдегі және кәсіптегі жолдарын абыроймен қалыптастырып, адал әрі жауапты еңбек етіп, Отан қорғаушысы деген жоғары миссияны әрдайым есте сақтаңдар деді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1292310?lang=ru