Жас ақындар айтысының шешуші кезеңі Қапал ауылында өтті
16.09.2026 10:21:05 250
Қапал ауылдық мәдениет үйінде Жетісу облысының мәдениет басқармасының қолдауымен, Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Біржан мен Сара айтысы – ұлттық өнердің айнасы» атты облыстық жас ақындар айтысының екінші әрі шешуші кезеңі өтті.
Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жас айтыскерлер жұпқа бөлініп, суырыпсалмалық өнерде бақ сынады. Сөз сайысында олардың тапқырлығы, шешендігі, ой ұшқырлығы мен импровизациялық қабілеті сараланып, үздіктері анықталды.
Дүбірлі додада бас жүлдені Жаркент қаласындағы Дәнеш Рақышев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Болатхан Мейрамбек жеңіп алды.
Бірінші орын Талдықорған қаласындағы Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектептің 5-сынып оқушысы Мұхамади Нұрлыға бұйырды. Екінші орынды Ескелді ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Рақымжан Ғалымжан иеленсе, үшінші орынға Талдықорған қаласындағы №30 мектептің 5-сынып оқушысы Айқынқызы Айсері лайық деп танылды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған байқауда өздерінің шығармашылық қабілеті мен ізденісін танытқан бірқатар жас ақындарға арнайы сыйлықтар табысталып, түрлі номинациялар берілді.
Айтысқа қатысқан оқушылар мен олардың жетекшілеріне Талдықорған – Қапал бағыты бойындағы тарихи-мәдени нысандар таныстырылды. Сондай-ақ Қапал ауылындағы Ақын Сараның мемориалды музейіне экскурсия ұйымдастырылып, қатысушыларға қазақтың айтыс өнерінің көрнекті өкілі Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығы жөнінде мағлұмат берілді.
Айтыстың іріктеу кезеңі бұған дейін 10 қыркүйек күні Талдықорған қаласы, облыстық музейде өткен болатын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1292493?lang=ru