«АЛТЫН ДОМБЫРА» VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫ АТЫРАУДА ӨТЕДІ
16.09.2026 18:11:59
147
Атырау қаласында 2026 жылғы 29–30 қазанда Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, күйші-композитор Әзидолла Есқалиевке арналған «Алтын домбыра» VII халықаралық домбырашылар және үш ішекті халық аспаптары орындаушыларының байқауы өтеді. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі күй өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, Әзидолла Есқалиевтің орындаушылық және шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ жас таланттарды анықтап, қолдау.
Байқауға 16 жастан асқан мамандандырылған музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері, кәсіби музыканттар және талантты орындаушылар қатыса алады. Әрбір шет мемлекеттен екі қатысушыға дейін ұсынылуы мүмкін. Бұған дейінгі Әзидолла Есқалиев атындағы байқаулардың Гран-при иегерлері мен мемлекеттік құрметті атақтары бар тұлғалар конкурсқа жіберілмейді.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Шетелдік қатысушылар үшін бірінші кезең бағдарламасына Құрманғазының «Балбырауын» күйі, В.А. Моцарттың «Рондо» («Түрік маршы») шығармасы және қазақстандық композитордың бір күйі енгізілген. Екінші кезеңде қатысушылар Әзидолла Есқалиевтің бір шығармасын және өз елінің бір ұлттық туындысын орындайды.
Қатысушылардың өнерін Қазақстан мен шет мемлекеттердің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Бағалау барысында сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік, көркемдік мәнерлілік, сондай-ақ шығарманы орындаудың дәлдігі мен сапасы ескеріледі.
29 қазанда жеребе тарту және конкурстық тыңдаулар Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда, ал 30 қазанда гала-концерт Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында өтеді. Шетелден келетін қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын ұйымдастырушылар өтейді.
Қатысу үшін қажетті құжаттарды 2026 жылғы 25 қазанға дейін жолдау қажет.