Гвардейск гарнизонында төтенше жағдайларды жою бойынша арнайы оқу-жаттығу өтті

Гвардейск гарнизонында төтенше жағдайларды жою бойынша арнайы оқу-жаттығу өтті

16.09.2026 18:30:51 221

Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тылдық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының арнайы оқу-жаттығуы өтті. Оған Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері және «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері қатысты.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, Отар – Шу теміржол учаскесінде шартты қарсылас жауынгерлік техника, жанар-жағармай материалдары мен әскери мүлік тиелген әскери эшелонға FPV-дронымен шабуыл жасады. Соның салдарынан жабық вагонда өрт шығып, жалынның жанар-жағармай тиелген цистернаға таралу қаупі туындады.
Әскери қызметшілер, құтқарушылар мен теміржолшылар шартты төтенше жағдайды жоюға жедел кірісті. Өртті сөндіру кезінде алғаш рет шынжыр табанды платформадағы мобильді роботтандырылған кешеннің прототипі қолданылды. Ол суды және өрт сөндіретін көбікті қашықтан шашуға мүмкіндік береді. Бұл жеке құрамның өте қауіпті аймақта жұмыс кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Әуе барлауын жүргізіп, жасырын өрт ошақтарын анықтауды жылу камерасымен жабдықталған ТЖМ дроны жүзеге асырды. Ал жаяу әскердің жауынгерлік машиналарын эвакуациялау үшін «Қазақстан темір жолының» 150 тонналық краны бар қалпына келтіру пойызы тартылды.
– Оқу-жаттығу теміржол көлігінде төтенше жағдай туындаған кезде Қарулы күштердің мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталды. Алынған дағдылар жедел әрекет етуді арттырып, әскерлерді үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ҚР ҚК ТББ материалдық қамтамасыз ету бас басқармасы өртке қарсы қорғаныс басқармасының бастығы подполковник Ермек Қақабаев.
Үйлесімді іс-қимыл нәтижесінде өрт оқшауланып, жалынның жанар-жағармай материалдары тиелген цистернаға таралу қаупі жойылды. Әскери техника қауіпті аймақтан эвакуацияланды.
Оқу-жаттығу теміржол көлігі нысандарында төтенше жағдайлар туындаған кезде күштер мен құралдардың бірлесіп әрекет етуге дайын екенін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1292996?lang=ru